Жұмыс бар

327
Worker professions including builder, auto mechanic, cook, postman, miner, cashier, garbage collector isometric people isolated vector illustration

Күзетші, еден жуушы, сылақшы, даяшы, жиһаз құрастырушы, сатушы, жүргізуші, оператор және тағысы тағы. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің назарына! Шымкенттегі жеке кәсіпорындар жоғарыда аталған мамандықтар бойынша маман іздейді. Түсінген жанға, кәсіпкерлер ұсынылып отырған бұл әлеуметтік жұмыстар жұмыссыз жүргендер үшін үлкен мүмкіндік. Жалпы, әлеуметтік жұмыс дегеніміз не? Оған кімдер қол жеткізе алады? Төлемақысы қандай болмақ? Жұмысқа орналасу үшін қайда бармақ керек? Қызық па? Ендеше мақаланы оқи отырыңыз.

333 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің маманы Жомарт Тәженовтың айтуынша, елімізде жұмыссыздардың санын азайту мақсатында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысына сәйкес, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әлеуметтік жұмыс орны құрылған. Бұл бағдарламаға жұмысы көп бірақ маманы тапшы, жалақы төлеуге қауқары жетінкіремейтін кез-келген шағын немесе орта кәсіп иесі қатыса алады. Дәлірегі жұмыс күші тапшы мекеме халықты жұмыспен қамту орталығымен өзара келісімшарт жасасып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтиды. Және сол үшін мемлекеттен субсидия алады.

–Биылдың басында 60 кәсіпорыннан 800 жұмыс орны бос деген өтінім келіп түсті. Алайда түрлі себептерге байланысты сол кәсіпорындардың 15-і өз өтінішін уақытша кері қайтарды. Бүгінгі таңда 37 мекеме ұсынған әлеуметтік жұмыс орнымен 333 азамат қамтылып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл аз. Өткен жылдары 1000-ға жуық азамат әлеуметтік жұмысқа орналасқан болатын,-дейді Жомарт Әшірбекұлы.

ЖАЛАҚЫ МЕМЛЕКЕТТЕН СУБСИДИЯЛАНАДЫ

Білгеніміз – жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмыс болып табылмайды. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісішрат тек 12 айға, яғни 1 жылға жасалады. Осы аралықта жұмысшыға төленетін жалақаның 35 пайызы мемлекеттік субсидиядан, қалған пайызы кәсіпорынның кассасынан төленеді.
Жомар Әшірбекұлының сөзінше, шағын және орта кәсіпорындардың ұсынатын жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен болмауы керек. Яғни, 42500 теңгеден кем емес.
Келісімшарт мерзімі аяқталған соң жұмысшының осы кәсіпорында қалу-қалмауы мекеме басшысына байланысты. Яғни, егер жұмысшы өзін жақсы қырынан көрсете алса және де мекеменің қаржылық жағдайы оған жалақы төлеуге қауқарлы болса жұмысшы өз кәсібін жалғастыра бермек.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыс тапқандардың 70-80 пайызы кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа қабылданған.
Айтпақшы, заңға сәйкес, мекеме ұсынатын орындар ауыр еңбек күшін талап етейтін, қауіпті әрі зиянды болмауы керек.
Осы тұста маман жұмыстың ауырлығына байланысты бір жылдық келісімшартты бұзуға болатынын айтады. Бірақ, әзірге бұзылған келісімшарт болған жоқ екен. Себебі, жолдама беру алдында мекеме мен жұмысшы арасында әңгімелеу өтеді.
«Аталған бағдарламаға қатысып, жұмыс табамын» деген ниеті барлар халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сосын 10 жұмыс күн ішінде орталық мамандары жұмыс іздеушінің қалауын ескере отырып бос жұмыс орнын ұсынған мекемеге жолдама береді. Осы жолдама арқылы әңгімелесуден өтіп, екі тараптың талаптары бір-біріне қонымды болғанда ғана жұмыс іздеуші азамат жұмысқа қабылданады.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ДЕ ТИІМДІ

Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау, дамыту мықтап қолға алынған. Осы орайда Шымкентте өз кәсібін дөңгелетіп отырған да, бастауға ниеті барлар да аз емес. Сондықтан да техникалық және орта буын қызметшілеріне, қара жұмысшыларға сұраныс көбейді. Біздің бұл сөзімізді жұмыспен қамту орталығындағылар да растап отыр. Бұған соңғы жылдары бағдарламаға қатысуға өтінім берген мекемелердің саны да дәлел бола алады. Өткен жылы олардың саны 60-қа көбейген. Биыл сол кәсіпорындардың көбісі аяққа тік тұрып кеткен. Ал жаңадан ашылып жатқандары бағдарламаға қатысуға ниет білдіруде.
– Бұл бағдарлама жұмыс іздеп жүргендерге ғана емес, орта және шағын кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге де тиімді. Мәселен, шағын бизнесін ашуға ниеттелген кәсіпкер қызметкерлеріне 40 мың теңгеден артық жалақы төлей алмайды делік. Бұл соммаға ешкімнің жұмыс істегісі келмейтіні түсінікті. Осы тұста мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып, жұмысшыларға тұрақты жалақы төлеп, аяққа тұруына мүмкіндік бар, – дейді Жомарт Тәженов.
Осы ретте маман жергілікті ірі кәсіпорындарды, ұйымдар мен жеке кәсіпкерлерді «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікпен дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағытын ұтымды пайдалануға шақырады.

БАСЫМДЫЛЫҚ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Халықты жұмыспен қамту мақсатындағы бағдарламаға орталықта жұмыссыз есебінде тұрған кез келген азаматтың қатысатынын жоғарыда айттық. Дегенмен бірінші кезекте:
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға;
-Мектеп-интернатта тәрбиеленуші жетім балалар үйінің түлектеріне;
– Жазасын өтеп шыққандарға;
– Мүгедек балаларды қатар отырған ата-аналарға;
– Зейнет жасына 2 жыл қалған азаматтарға басымдылық беріледі.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмысшылар еліміздің еңбек заңымен қорғалады.
Миллионнан астам халқы бар мегаполисте жұмыссыздық мәселесі қашан да күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан да сала мамандары қаладағы барлық мекемелерге үздіксіз мониторинг жасап, күнделікті босаған жұмыс орындарының тізімін жасайды. Әлеуметтік жұмыс орындарын халыққа ұсынады. Мұның шаһардағы әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге екіншіден, жұмыссыз жүргендерге бір мамандықтың ұшын ұстауға мүмкіндік берері сөзсіз.
Бірақ, бір әттеген-айы, жұмыс жоқ деген азаматтардың көбісі әлеуметтік жұмыстарға пысқырып та қарамайды. Яғни бұл шаруаларды «қара жұмысқа» балайды. «Алма піс, ауызға түстің» кебін киеді. Алайда, көбісі мұрын шүйіретін бұл кәсіптерге сұраныс басым. Ал сұраныс барда, маманның да жұмыссыз қалмайтыны белгілі.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №24, 19 маусым 2019 ж