Жазғы жұмыс: айлығы 51 мың теңге

859

Қоғамдық жұмыс. Бұл 3 ай жазғы демалыста азын-аулақ қаражат тапқысы келетін студенттер үшін таптырмас мүмкіндік. Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы қолында дипломы немесе алдын ала кәсіптік даярлығы жоқ, бірақ жұмыс істеуге құлшынысы бар кез-келген жанды әлеуметтік пайдалы бағыттағы қоғамдық жұмыстарға қатысуға шақырады.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕДЕ ЖҰМЫС БАР

Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жанболат Ақжолов осылай дейді. Оның сөзінше, мемлекеттік мекемелерде жұмыстың ауқымы көп. Қызметкерлер жұмыс күнінде оларды игере алмайтын көрінеді. Сондықтан да ҚР «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қоғамдық жұмыстар құрылып отыр. Оған тек жазғы демалысқа шыққан студенттер ғана емес 16 жасқа толған, зейнет жасына дейінгі:
–Мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
–Мамандығы бойынша жұмыс таппағандар;
–Халықты жұмыспен қамту орталығында 6 айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар;
–Жазғы демалысқа шыққан жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары қатыса алады.
Осылайша екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер уақытша болса да, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алса, мемлекеттік қызметкерлердің қолы ұзарады.

1608 АДАМ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛҒАН

–Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмыс болып табылмайды. Бұл – мемлекеттік мекемелердің ұсынысы бойынша құрылған штаттан тыс, уақытша жұмыс орындары. Жұмысқа тартылатындар тек көмекшінің қызметін атқарады. Сондықтан да, мұнда мамандыққа мән берілмейді. Бұл – кез келген мамандық иесі, тіпті ешқандай біліктілігі, дипломы жоқтар да қоғамдық жұмыстарға қатыса алады дегенді білдіреді,- дейді Жанболат Бердіханұлы.
Маманның сөзінше, биыл қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін 2000 адамнан өтінім келіп түсіп, барлығына жолдама берілген. Дегенмен солардың тек 1608-і жұмысқа тұрыпты. Былтырғы дерекке көз салсақ 2018 жылы қоғамдық жұмыстарға 1577 адам тартылған.

ЖАЛАҚЫНЫ МЕМЛЕКЕТ ТӨЛЕЙДІ

Жанболат Ақжоловтың сөзінше, қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтардың жалақысы мемлекет есебінен төленеді.
– Жалақы 100 пайыз мемлекеттік бюджеттен төленеді. Соммасы – 51 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік аударымдарды шегеріп тастағанда «еріктінің» қолына – 45 860 теңге түседі,- дейді ол.
Білгеніміз бағдарлама ағымдағы жылға ғана есептеледі екен. Яғни жұмыс мерзімі келісімшартқа тұрған кезден, жыл соңына дейін ғана белгіленеді. Мысалы, жұмысқа ақпан айында немесе қыркүйекте жолдама берілсе, желтоқсан айын қоса алғанға дейін жұмыс істейді. Ал студенттер мен оқушылар үшін жұмыс істеу кестесі 29 тамызға дейін қаралған.
Айтпақшы, егер келер жылы аталмыш мекеме халықты жұмыспен қамту орталығына қайта қоғамдық орындарға ұсыныс жасаса, жұмыскердің қалауы бойынша келісімшарт мерзімін қайта жыл соңына дейін созуға болады. Ал егер, мекемеде штат ашылса және жұмысшы өзін жақсы қырынан көрсете алса, сол мекемеде тұрақты жұмысқа орналасуы әбден мүмкін.
Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу үшін жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталықтарына мынадай құжаттарды тіркей отырып өтініш береді:
– жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
– еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);
– білім туралы құжат көшірмесі (бар болса).

Алып шаһарда жұмыс мәселесі қашан да өзекті. Дипломы, біліктілігі, белгілі бір мамандығы жоқ жандарды айтпағанда, қос-қос дипломы бар қаншама жан екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Ендеше, мемлекеттің ұсынып отырған осы бір мүмкіндігін тиімді пайдалана білу керек. Бәлкім уақытша болып бастаған жұмысыңыз, уақыт өте тұрақты жұмысыңызға жол ашуы мүмкін.

АЙЖАН ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №26, 26 маусым 2019 ж