Қала іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғыны өзі туған балаларды бір көруге зар болып отыр. Өсіріп, оқытып беремін деген абысынының сөзіне сенген Гүлназ есімді келіншек, балаларым апасының үйінде қорлық көріп отыр деп арызданды.
Гүлназ Таспенова — 35 жаста. 6 құрсақ көтеріп, балаларын өмірге аман-есен алып келді деген аты ғана. Бүгінде, ол заңды түрде 3 баланың анасы. Кәмелет жасқа толысымен тұрмыс құрған ол, 23 жасында 3 баламен жесір қалған. Кейін әмеңгерлік дәстүрімен марқұм ерінің бауырына тұрмысқа шығады. Ал алғашқы некеден туған перзенттерінің өсіп, жетілуіне көмектесемін деп үәдені үйіп-төгіп, туыстары алып кеткен. Бірақ, балаларын өзгенің бауырына салғанда аналық құқынан айырылғанын білмеген де.
Қамқорлыққа алу туралы шешім Шымкент қаласының Әл Фараби аудандық сотында шығарылған.
Іс қағаздарында туыстары Гүлназды өз балаларын асырай алмай жүр деп, оларға қамқоршы болуын сұраған. Сот ісі орыс тілінде жүрген. Сондықтан түк түсінбеген Гүлназ балаларына қамқоршы табылғанына қуана беріпті. Ал, сот оны аналық құқынан айырып, балаларын Алматыдағы туыстарына қаморлыққа берген. Арада бір жыл өткенде перзенттерін асырап алған тарап Гүлназ Таспеновадан алимент өндіріп алыпты.
Гүлназдың 35 мыңдық жалақысының тең жартысы соған аударылып келген. Аналық құқығынан айырылған ана алимент төлеуінің дұрыс-бұрыстығын заңгер кеңесіне жүгініп көрдік.
Гүлсезім, Аяна және Дархан. Бұл балаларды қамқорлығына алған Майра Жұмаханқызының ұл баласы болмағандықтан, 2011 кенже ұлын асырап алуға ниет білдіреді. Ал, 2015 жылы тұңғыш қыздары Аяна мен Гүлсезімді сот шешімімен өз қамқорлығына алады. Бауырларының көзі тірісінде барлығы жақсы болған дейді туыстары. Көзбен көріп, жай сұрасып тұрған. Жетімдерді ұрып-соғып, күн көрсетпеу соңғы екі жылда басталыпты. Бұл туралы Гүлсезімнің ұстазы көрген білгенін анасына жеткізіп отырған.
Фатима Абылаева, қайын әпкесі: «Жүр кетейік деп едім. Сыртта барамын деп отырған. Апасының қасында бармаймын деп қалды қорқып. Қорқытып қойған. Сонда қолында билігі бар деп барлығын жасай беруі керек пе екен? Білгенін істей беруі керек пе екен? Оның үстінен қарайтын адам жоқ па? Қарасын оны да. Жетімді жылатқан қиын болады».
Үш бірдей баланы қамқорлығына алған Майра Жұмаханқызы Қапшағай қаласының белгілі заңгері екен. Балалардың биологиялық анасы өз еркімен перзенттерінен бас тартқанын алға тартып отыр. Ақжар ауылында далада қалдырған жерінен қамқорлығына алып, асырап бақтым дейді. Гүлсезім және оның бауырларымен де тілдесуге қатаң түрде тиым салды.
Майра Жұмаханқызы: «Ол ана емес. Аналық құқығы жоқ. Балаларға жақындауға да қақысы жоқ. Балалар 2 жасында қайда болды? Далада қалған жерінен асырап, өсірдім. Қазір коледжде, гимназияда оқып жатыр. Ал, арыз берген ұстазды колледждің директорынан қандай адам екенін сұрап көріңіздер. Оны тәртібі үшін жұмыстан шығарып жіберген».
Екінші некеден үш қызды өсіріп отырған Гүлназ Таспенованың ендігі арманы тұңғыштарын өз қолына алу. Отағасының тапқан табысы 6 баламды да асырауға жетеді дейді. Өзі де қарап отырмай, жұмысқа оралатытын айтады. Тек құрсағымнан шыққан балапандары қорлық көрмей, қасымда болса екен деп шырылдайды ана.