Арыстағы құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?

228

Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан кейін 2 айдай уақыт өтті. Облыс басшылығы қалпына келтіру жұмыстарын 1 тамызда аяқтауға уәде берген еді. Бірақ аталған мерзімге үлгермегендіктен жөндеу жұмыстарын аяқтау 20 тамызға дейін ұзартылған болатын. Апаттан зардап шеккен қала толық қалпына келтірілді ме?

Мына үйлердің бітуіне әлі біраз уақыт керек. Арыста енді бой көтеріп келе жатқан құрылыстар да бар.

Айсәуле Қайрат, Арыс қаласының тұрғыны: «Мына жерде 3 бөлмелі үйіміз болған, оны сырып тастап, жаңасын салып берді».

Бұл үйлер 1 секторға кіреді. Жауапты Атырау облысы. Жалпы 466 үйді жөндеу керек деп тапсырылған. Оның ішінде 56-сы жаңадан тұрғызылуы қажет.
Мәлік Аманов, Атырау облысы құрылыс басқармасының жетекшісі: «Қазіргі уақытта бүкіл күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Майда-шүйде жұмыстар қалды, оны бітіріп жатыр. Ал қайтадан салынатын үйлерді осы айдың аяғына дейін бітіреміз».

100 мың теңгенің жыры да әлі бітпеген. Осы күнге дейін әкімшілік табалдырығын тоздырып, өтемақыны белгісіз себептермен ала-алмай жүргендер, құжаттарын енді ғана тапсырып жүргендер де бар екен.

Билік басындағылардың тапсырмасы бойынша, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары 20-шы тамызға дейін аяқталуы тиіс болатын. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Олжас Айдарбек