Адам өмірінде екі таңдауынан қателеспеуі шарт-ақ. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі кәсібін, мамандығын таңдау. Екеуі де өмірлік таңдау. Ата-әжемізден «Осы екеуін таңдауда қателеспеген адам өмір бойына бақытты болады» дегенін естіп өстік. Жар таңдауда да, кәсіп таңдауда да жолы болған жанның бірі – етікші Ералы Бижанов. Ұзақ жылдар етікші болып келе жатқан ол өз кәсібінің хас шебері. «Тағдыр» айдарының бұл жолғы кейіпкері де өзі. Өйткені, өмірі қызық, айтары бар.
Қазір әңгімелескен адамдардың көбі мамандық таңдауда қателескенін айтады. «Амал жоқ, грант үшін түстім», «ата-анам қалағандықтан осы мамандықты таңдадам» деген сияқты сөздерді басқаны қойып, таныстарымыздан да көп естиміз. Ал сондай жастар арасында болашақта оқыған мамандығы арқылы қызмет ететіні аз. Бәрібір де жанына жақын салаға кетеді.
Біз базарда етік тігіп, түрлі тәтті сататын, жанды көрсек, «болам деп болды дейсің бе, амалдың жоқтығынан осы жұмысты істеп отыр ғой» дейтініміз де өтірік емес. Әйткенмен, олардың арасында сол өзі қызмет етіп жүрген салаға жан қалауымен келгендері жетерлік. Бүгінгі кейіпкеріміз сондай адам.
Ералы Бижанов – 49 жаста. Шымкент қаласының тұрғыны. 1986 жылдан бері аяқ киім жөндеумен айналысады. Ұзақ жылдар бойына «Самал» базарында қызмет етіп келе жатқан шебердің бұл кәсіпке қалай келгені қызықтырып, өзінен сұрадық.
«Әңгімені әріден бастайын. «Қолөнер» деген маған нағашы жұртымнан дарыған. Анамның ағасы ер-тұрман жасайтын және аяққа киетін мәсі тігетін шебер болған.
Әлі есімде, өзім қатарлас балалар сыртқа шығап ойнап жүрсе, мен үйде бір заттарды келесі бір затпен құрастырып, әйтеуір бір нәрсе тігіп жүретінмін. Өсе келе ағаларымның шалбарларын, аяқ киімдерін өзіме шақтап қысқартып тігіп алатын болдым. Сол кезде үйдің үлкендері ғана жаңа киім киеді. Кішілері үлкендердің ескісін киетін заман еді ғой. Қазіргідей емес.
Мен ағаларымның киімдерін өзіме шақтап тігіп алатын едім. Сөйтіп жарқырап мектепке киіп баратынмын. Соңында тіпті аяқ киімдерін де өзіме тарылтып тігіп алуға көшкем ғой. Мені тоқтата алмаған отбасым менен құтылудың амалын қарастырады. Енді үйдегілердің киімінен киім қалдырмаймын. Ұрсып айтса да қоймаймын. 5-сынып оқып жүргенімде мені нағашымның ауылына жіберді. «Нағашы ағамның жанында жүрсін» деп ойласа керек. Шынымды айтсам, бара салғанымнан ол жақ маған қатты ұнады. Өйткені жан қалауым сол жерде еді. Нағашымның арнайы ер-тұрман, тағы басқа тапсырыстар қабылдап, соны тігетін бөлмесі бар. Таң атқаннан кеш батқанға дейін сол жерден шықпаймын. Аяқ киім жөндеуді, тігуді сонда үйрендім. Өсе келе бұл – менің кәсібім екенін түсіндім. Әскерге барып келген соң да бұл жұмыстан алыстамадым. Мұны көрген нағашы ағам мені аяқ киім тігетін фабрикаға орналастырды. Уақыт өте келе ол фабрика да жұмысын тоқтатты. Сол кезден бас-тап жекеге шықтым. Қазірге дейін осы аяқ киім жөндеуді кәсіп етемін. Бұған да 33 жыл болыпты».
Бала күнінен осы кәсіпке жаны жақын Ералының балалық шағындағы қызықты әңгімелері көңілімді көтеріп қойды. Әңгімені әрмен қарай көпке қызық етікшілердің табысымен жалғастырдық.
«Біздің етікшілерде де «сезон» әңгіме болады. Мысалы дәл қазір – біздің сезон емес. Біздің жұмысымыз жүретін кез — мектеп басталардың алды. Енді бір 10 күннен кейін жұмысымыз қызу жүреді. Көп ата-ана балаларына былтыр киген аяқ киімін жөндетіп кигізеді. Біріне өкше саламыз, ендібірін тігеміз, тағы біріне табан салып береміз. Жұмыстың сан түрі бар. Ауырлығына қарай қызметақымыз да өседі. Мәселен аяқ киімнің жыртылған жерін және табанын тігіп беру 500 теңгеден бас-талады. «Жұмыс жақсы болмады» дегеннің өзінде күніне 5000-6000 теңге табыс табамыз. Ал маусым басталғанда бір күнде 15000-ға дейін табатын кезіміз болады. Күніне 30000-35000 теңге тапқан кездер де болды. Мұндай сәттер қыста болып тұрады. Қазір аяқ киімнің сан түрлісі шығып жатыр. Арасында арзандары да бар. Қаншалықты арзан болса, соншалықты сапасы да нашар. Халықтың көбінің жағдайы мәз емес. Әр мезгілде аяқ киім сатып алуға ақшасы бола бермейді. Сол себепті де етікшілердің қызметіне жүгінеді. Сондықтан да біздің қызметіміз қашан да халыққа қажет».
Адамды күлдіре отырып, ойландырып та қойған шеберден аяқ киімге қарап сол заттың иесін сипаттау қаншалықты мүмкін екенін де сұрадық.
«Қолымызға күнделікті қаншама аяқ киім келіп-кетеді. Олардың арасында қалай икемге келтірсең, солай көне салатын аяқ киімдер болады. Мұны біз «иесі жаны жайсаң, ақ көңіл адам» деп болжаймыз. Ал тура сол аяқ киім, бірақ ешқандай жөндеуге келмейтіндері де болады. Мұндай сәтте «ай, иең бір қырсық адам болды ғой» деп ойлаймыз. Бір аяқ киімдер болады. Соншалықты күтімі жақсы. Біз ол аяқ киімге қарап иесінің өте ұқыпты екенін білеміз. Ал шаң-шаң күйінде, быт-шыты шыққан аяқ киімдер иесінің соншалықты салақ екенін көрсетеді. Сондай аяқ киімге жанымыз ашиды. Енді бір етіктер болады. Қолыңа алған сәтте қолың дірілдеп, өзіңді жайсыз сезінесің. Жайсыз сезінетінің соншалықты, қолыңды жаралап аласың. Сондай бір аурасы нашар аяқ киімді иесінен кешірім өтініп «жөндей алмадым» деп өзіне қайтарып береміз. Мүмкін ол жаман бір нәрсеге куә болды ма, мүмкін ұрланған ақшаға алынған ба? Сондай бір жағымсыз жағдаймен келген дүние екені білініп тұрады. Менің басымнан мұндай жағдайларда кездесті. Сол күні жұмысымның берекесі болмай қиналып, үйіме қайтып кететін кездер де болды».
Міне, нағыз маманның сөзі. Кәсібін жақсы меңгергені соншалық, әрбір аяқ киімді өзімен қоса иесіне дейін танып біліп отыр. Бұл жағдай мені таң қалдырды.
Ералы Бижановтың осындай және басқа да себептермен басқа салға кетіп көрген кездері де болған. «Бірақ басқа жұмыстан мүлдем жан рахатын таппадым, табысымның да берекесі болмады» деген ол бәрібір көп ұзамай-ақ өзінің сүйікті ісіне қайта оралған. Қазіргі таңда кәсібімен мақтанады.
«Ең бастысы адал еңбектің нанын жеп отырмын» деген Ералы етікші баласы да бұл салада жұмыс істегісі келсе, бетінен қақпай, керісінше бар білгенін үйрететінін айтады.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №33, 14 тамыз 2019 ж