Инстаграм желісіндегі «жұлдыз» келіндер жиыны өтті

680

Күнгейлік инста келіндер «ДАРА» қыз-келіншектер қауымдастығын құру мақсатында бас қосты. 20-ға жуық келіндердің арасында инстаграм әлеуметтік желісі арқылы есімі елге танылғандары да бар. Қарапайм ауыл келіндерінің мыңдаған оқырман жинауының сыры неде? Жаңа қауымдастықтың бағыты қандай болмақ?

Айдана Ыбырай — Төлеби ауданына қарасты Нысынбек ауылының келіні. Ол ауыл тұрмысын инстаграмға алып келген алғашқы келін. Парақшасында 150 мыңнан астам жазылушысы бар. Боямасыз, шынайы ауыл тіршілігімен таныстыратын жазбалардың авторы қазір елдің сүйіктісіне айналып үлгерген. Жасандылықтан жұрдай жарқын жүзді жас келін интернет түгіл телефон желісі әрең ұстайтын ауылда тұрса да оқырмандарын күттірмей жазбасын жариялаудың амалын табады.

Айдана Ыбырай, «Ғаламтор желісі біздің ауылда шынымен үлкен мәселе. Біз қай жерде желі ұстайды сол жерде жүреміз. Көбінесе терезенің түбінде дегендей.  Әлеуметтік желіде көп отыра да алмаймыз. Тек бос уақытта ғана біраз дүние салып үлгереміз».

Айдананың парақшасы пайдалы кеңеске және позитивке толы. Ол ауылда тұрып-ақ танымал болуға болатынын дәлелдеген. Басынан орамалын тастамайтын келін әдет-ғұрып және салт-дәстүрімізді де насихаттап келген. Енді ұлттық киімдер мен әшекейлеріміз жайлы көбірек жазуға ден қойғанын айтады.

Айдана Ыбырай, Нысанбек ауылының тұрғыны: «Инстаграм желісі дәл қазіргі таңда үлкен күшке ие екенін білесіз. Менің мақсатым — өз өмір салтымды басқаға көрсетіп сол арқылы мотивация беру. Басқаларға үлгі болу. Екіншіден өңірімізде болсын, елімізде болсын өтіп жатқан қайрымдылық іс-шараларға оқырмандарымды тарта аламын. Шүкір, «сізден үйреніп жүрмін» деп айтатын келіндеріміз баршылық. Мен онымен мақтанамын».

Үлгілі келіннен үлгі алып, парақшасын тек шынайы жүргізуді қолға алғандар көп. Соның бірі шымкенттік келін  — Эльмира Тұрымқызы. Инстаграм желісіне тіркелгеніне көп болмаса да оқырмандары көп. Небәрі жарты жылдың ішінде 100 мыңға жуық жазылушы жинап үлгерген. Психолог маманның бағыты басы ауырып балтыры сыздаған нәзік жанды аруларға қолдау көрсету.

Эльмира Тұрымқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз үйде отырып саусақтарымызды қимылдатып, инстада ақша тауып отырмыз. Оқырмандарымызды өзімізге тартып олардың сеніміне ие болып жатырмыз. Біз ақшаға құнығып қана отырсақ ол жасандылық болады. Демек, біз бүкіл әйелдерге оқырмандарымызға қолдауымызды да көрсетуіміз керек. Қарапайым ғана бір әйел күйеуімен ажырасайын деп жатса біздің тарапымыздан оған қолдау көрсетіп, шаңырағының сақталып қалуына көмектесуіміз қажет».

Бас қосуға 20-ға жуық келін келген. Барлығы бір-бір әулеттің шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған нәзік жанды арулар. Әрқайсысы ерекше қасиетке ие. Бірі бармағынан бал тамған аспаз болса, енді бірі он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. Жеке парақшаларында 10 мыңнан 50 мың аралығында жазылушылары бар.

Мақсаттары өздеріне сенген оқырман санын одан әрі арттырып, басқаларға пайдасын тигізу. «Дара» қыз-келіншектер қауымдастығына мүше болып, аянбай еңбек етуге дайын.

Жанерке Хумар