Күнгейде үшемдер дүниеге келді

926

Күнгейде тағы да үшемдер туылды. Бір — ұл, екі — қыз бала облыстық №1 перинаталды орталықта дүниеге келген. Дәрігерлер шала туылса да шарана мен оларды босанған 31 жастағы әйелдің жағдайы жақсы деп отыр.

Жанерке, Аман және Есен. Дүние есігін жаңа ашқан үшемге атасы осылай ат қойыпты. Құрсағына үш бірдей шарана біткенін білген дәрігерлер оны Шардара ауданы, Көксу ауылынан Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығына жіберген. 31 жастағы Мейрамгүл Мәмбетова (суретте — ортасында) осылайша 1 күннің ішінде көпбалалы ана боп шыға келді.

Мейрамгүл Мәмбетова, көпбалалы ана: «Мен 10 балалы болуды армандаймын. Үйде 2 бала және 2 қызым бар. Енді үшеуін тудым. Бүгінде 7 балалы ана атанғаныма өте қуаныштымын. Әуелі Алла, сосын білікті дәрігерлердің көмегімен осындай дәрежеге жетіп отырмын. Шүкір».Үшемдер Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығында 17-тамыз, таңғы сағат 7-ден асқанда 7 айлық болып туылған. Ана мен балалардың саулығы үшін дәрігерлер Мейрамгүлге кесарь тілігін жасауға мәжбүр болыпты. Бірақ, ақ халаттылар қазіргі уақытта жіті қадағалауға алынған шақалақтар мен анасының жағдайы жақсы деп отыр.

«Бірінші қыз бала дүниеге келді — 1 келі 740 грамм, кейінгісінде екінші бала шықты — 2 келі 250 грамм, үшінші бала — 2 келі 370 грамм болып туылды. Алғашқы күні нәрестелер жан сақтау бөлімінде жатты. 1 күннен кейін балалар потологиясына ауыстырылды. Қазіргі таңда балалардың жағдайы жақсы. Бірқалыпты. Өздері емуде. Анасы да жанында. Біздің тарапымыздан барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деді акушер-гинеколог дәрігер Қарлығаш Альжанова.

Орталық дәрігерлері енді ана мен балаларды араға апта салып үйіне қайтаратынын жеткізді. Айта кетейік, бұл — жыл басынан бері Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығында дүниеге келген үшінші үшем. Және 8 айдың өзінде мұнда 138 егіз бала туылған.

Мөлдір Бекеева