фото Túrkistan.kz

Шымкенттегі қолданылған медициналық қалдықтарды жою мекемесі сотталуы мүмкін. Оның қызметкерлері адам ағзасына зиянды медициналық қалдықтарды Бадам өзені бойында өртемек болған жерінен ұсталды. Дәрілік қалдықтар мен ампулалар, тіпті, ота кезінде алынған адам ағзасының қалдықтары да бар.

Арнайы пеште өртелуі тиіс биоматериалдарды «Эколайф Астана» жеке меншік мекемесі рұқсат етілмеген аумақтарға үйіп, төгіп кете берген. Экологтардың айтуынша, бұл мекеменің алғашқы заң бұзушылығы емес. Көрінген жерді күлге айналдырып, қолданылған ампулалар мен шприцтерді бейберекет тастағаны үшін айыппұл да салынған екен.

Серік Сарбасов, Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы: «Ол жерде заң бұзушылықтар анықталды. Тексеру барысында бұл мекеме үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған».

Бұл қалдықтардың химиялық, сондай-ақ эпидемиалогиялық зияны қандай дәрежеде екені мекеменің арнайы сайтында да нақтылап көрсетілген. Жазған талаптарына өздері қайшы келген «Эколайф Астана» серіктестігінің үстінен экологтар сотқа арыз түсіріпті. Екінші тараптан мән-жайды тек жасырын камера арқылы ғана біле алдық.

(жасырын камера) «Біріншіден, бұл әлі нақты емес. Алдымен олар дәлелдесін, не айтады екен. Біздің көлігіміз жүкке толы болған. Ал, видеода көрсетілген көлік бізге тиесілі емес. Қазір тергеу жүріп жатыр. Департамент те әлі ешқандай шешім шығарған жоқ».

Мекеменің қоршаған ортаға келтірген зиянының нақты мөлшері әлі белгілі емес. Егер айыбы дәлелденсе 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл 151 500 теңгені құрайды. Бұл жәйтті полицейлер қылмыстық кодекстің 250 бабымен яғни, өкілеттілікті теріс пайдалану деп тергеп жатқаны мәлім болды.

Гүлнұр Әмірәлі