«Шымкент бас» шығынға батты

277

Осыдан екі ай бұрын елге сүйіншілеп таныстырылған «Шымкент бас» автобус паркі толығымен муниципалды болмай шықты. Жолаушы тасымдалдайтын компаниядағы үлестік 58 пайызы жекенің меншігі екен. 42 пайызы ғана «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі екен. Бұл туралы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшысы Әбілсейіт Рабаевпен болған сұқбат барысында белгілі болды.

Жасыл көліктер шығынға батудың аз-ақ алдында тұр. Осыдан 2 ай бұрын қолданысқа берілген 300 қоғамдық автобус иелерінің жағдайы бүгінде мәз емес. Себебі шығындары шашетектен болған олар қызметкерлеріне айлығын бере алмай жүр.

Еске сала кетейік, бастапқыда «Шымкент бас» жүргізушілерінің жалақысы 170 мың теңге деп жариялаған болатын. Осыдан екі ай бұрын Шымкент қаласында муниципалды деп ашылған автобус паркі жекенің меншігінде болып шықты. Бұл туралы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жаңа басшысы мәлімдеді. Және сол паркке жыл соңына дейін әкелінеді деген 1000 автобус та қаламызға түгелдей жетпейін деп тұр. Себебі «Шымкент бас» компаниясының қазіргі қаржылық жағдайы құлдырап кеткен.

Бұл автобустар маусым айында ғана Шымкентке әкелінген еді. Сол кезде Қазақстанда теңдесі жоқ муниципалды автобус паркі елге сүйіншілеп танысытырылды. Үшінші мегаполисте орын алған осынау жаңалық БАҚ беттерінде жарыса жазылып жатты. Бұл бастамаға ұйытқы болғандар сол кезде автобус жүргізушілері жұмысқа ерекше електен өтіп барып қабылданатынын және оларға бар жағдай жасалатынын жалпы жұртқа жар салды.

Рашид Аюпов, «Шымкент» ӘКК бұрынғы басшысы: «Жүргізушілерге жағдайдың барлығын жасадық. Осы жерде таңғы асын ішеді. Осы жерде жатақханасы болады. Сосын нақты қолына алатын айлығы 170 мың теңге. Үлкен айлық ол Шымкент қаласы үшін. Сондықтан да ары қарай ұяты бар шығар деп ойлаймыз. Бақылайтын боламыз. Жарыс пайда болмайтын шығар деп ойламыз».

Бірақ, көп өтпей осы паркке тиесілі автобус жүргізушілер мен кондукторлары бас көтерді. Медицина қызметі, тегін тамақ пен жатар орынды былай қойғанда олар өз маңдай тері — жалақысына зар болып қалған.

Басталғанына бес ай да болмаған бастама бүгінде сиырқұйымшақтанып барады. Автобус паркінің негізгі активі, яғни 60 пайызға жуығы жекенің меншігі екені анықталды. Қазіргі Әлеуметтік Кәсіпкерлік корпарациясы басшысының сөзі де мүлдем бөлек.

Әбілсейіт Рабаевтың қазіргі мақсаты тығырыққа тірелген «Шымкент бастың» қаржылық мәселелерін шешу. 42 пайызы ғана Кәсіпкерлік корпарацияға тиісілі автобус паркінің проблемасымен неге негізгі қожайын емес квазимемлекеттік мекеме айналысып жатқаны түсініксіздеу.

Әбілсейіт Рабаев, «Шымкент» ӘКК басшысы: «42 пайызы кәсіпкерлікке, 58 пайызы «Шымкент басқа» қарайды. Олардың айлығы 130 мың теңге болуы керек. Алдағы уақытта мәселені шешуді көздеп отырмыз. Қаржылық шығынның қанша екенін әлі есептеген жоқпыз».

Айта кетейік, «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының экс-басшысы Рашид Аюпов шілдеден бастап су жаңа автобустарға ЖПС жүйесі қондырылатынын айтып, уәде берген еді. Сондай-ақ, автобустардың саны 1000-ға жететінін сүйіншілеген. Бірақ, қазіргі басшылық қалған 700 көліктің жуық арада әкелінбейтінін айтады. Себебі бүгінде олар қолдағы 300 автобустың ақшасын қалай құтылуды толығымен шеше алмай отыр. Және олардың жартысына жуығы әлі бірде-бір жолаушы тасымаған.

Назерке Үкібасова