Шымкент қаласының мамандандырылған ХҚО-да 2019 жылдың 7 айында 209 мың мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 25 600 жүргізуші куәлігі берілген. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34%-ға артық. Маңызды ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Данабек Исабековтың мәлімдеді.

Қазіргі уақытта, «Достық» шағын ауданының және К. Төлеметов көшесіндегі мамандандырылған ХҚО-да автокөлік иелері өз автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алып, практикалық емтихан тапсыра алады. Сондай-ақ, мамандандырылған ХҚО ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге жағдай жасалған. Күн сайын мұнда орташа есеппен 300 жүргізуші куәлігі беріліп, 1500-ден астам көлік құралы есепке алынып жүр.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар, сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстырып, автокөлігін қайта тіркей алады.

Сонымен, жыл басынан бері онлайн тәртіпте 1 180 автокөлік тіркеліп, 1 400 жүргізуші куәлігі берілген. Айта кетейік, Шымкентте барлығы 10 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда 2 мамандандырылған ХҚКО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар. Ал 2019 жылдың соңына дейін қалада тағы бір мамандандырылған ХҚО өз жұмысын бастайтын болады.

Мөлдір Бекеева