Шымкентте 7 айда менингококпен ауырған 3 жағдай тіркелген

Шымкент қаласы бойынша бүгінге дейін менингококк инфекциясынан ажал құшқан адам жоқ. Бірақ, 2019 жылдың 7 айында 3 жағдай менингококк инфекциясы деп тіркелген. Маңызды ақпаратты бүгін Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылығы мәлімдеді.

Сөздеріне сенсек, үшінші мегаполисте соңғы 4 жылда менингококк бойынша 24 жағдай орын алған. Ал жыл басынан бері серозды менингит аурушаңдығы ретінде 143 жағдай тіркеліпті. Бұл дертке шалдыққандардың дені немесе 80 пайызы — 14 жасқа толмаған жеткіншектер екен.

Сондай-ақ, мамандар менингококкты инфекцияға маусымдылық тән, сырқаттанушылықтың басым көпшілігі қыс-көктем мезгілінде болатынын айтып, шымкенттіктерді сақтыққа шақырды.

Мөлдір Бекеева