Соңғы 5 жылда бұрынғы ОҚО, қазіргі Түркістан облысынан солтүстік аймақтарға 2500 адам қоныс аударған. Барлығы 822 отбасы. Бұл туралы «Еңбек» бағдарламасымен солтүстікте тұрып жатқан түркістандықтардың жай-күйімен таныстыруға бағытталған пресс-турда айтылды. Айтқандай-ақ, биыл бұрнағы жылдармен салыстырғанда солтүстікке көштің қарқыны молайыпты. 2015 жылы жүзеге асырыла бастаған бағдарламаның алғашқы үш жылында 452 отбасы, ал былтыр 164 отбасы қоныс аударса, биылдың алғашқы сегіз айында 164 отбасы көшіп барған. Міне, осылайша ішкі миграцияның 60%-ы Түркістан облысына тиесілі болып отыр.
6 АЙДА 683 ЖАН ҚОНЫС АУДАРДЫ
Түркістан облысы – республикамыздағы халқы тығыз орналасқан аймақ. Сондықтан болса керек, өңірде тұрақты жұмыс таба алмай сергелдеңге түсіп жүргендер көп. 2015 жылдан бастап күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнату басталды.
Осы уақытқа дейін күнгейден солтүстікке 2500 адам қоныс аударса, солардың 683-і биылғы жылдың 6 айында көшкен. Түркістан облыстық ішкі сая-сат басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жүнісовтің айтуынша, биыл қоныс аударған түркістандықтардың 92-сі (22 отбасы) Қостанайға, 90-ы (46 отбасы) Шығыс Қазақстанға, 282-сі (94 отбасы) Солтүстік Қазақстан облысына, қалғаны Павлодарға жайғасыпты.
Оның сөзінше, көшке ілескен түркістандықтардың 287-сі еңбекке қабілетті екенін айтып, бүгінгі таңда 204-і жұмыспен қамтылған. Ал 75 адам бала күтімімен үйде отырса, 8-і жеке кәсіп ашқан.
– Қоныс аударғандардың бәріне мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. Тұрғын үймен, жұмыспен қамтылды. «Өз кәсібін ашамын» деген азаматтарға жер телімдері, мал шаруашылығына қажетті жайылымдар, бос ғимараттар ұсынылуда. Енді тек еңбек етіп, өз арбасын сүйреу ғана қалды, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жүнісов.
БАСПАНАЛЫ БОЛҒАН
Солтүстік өңірге қоныс аударып, тұрақты жұмысқа, баспанаға қол жеткізген азаматтың бірі – Нұркен Смайылұлы. Сарыағаш ауданынан көшіп барған ол 2000-ға жуық тұрғыны бар елдімекенде дәрігер болып қызмет етеді. Жоғары оқу орнын дәрігер мамандығы бойынша оқыған. Бірақ, Түркістан облысынан 4 жылдан бері жұмыс таппаған.
– «Еңбек» бағдарламасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан естідім. Аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, бағдарлама жайлы егжей-тегжей сұрастырдым. Бағдарламаның нәтижелі орындалуына атсалысып жүрген жомарт жандардың көмегімен Солтүстікке келіп, мұндағы ахуалды көрдім. Сөйтіп, белімді бекем будым да «осында көшемін» деп шешім қабылдадым,-дейді Нұркен Смайылұлы.
Осылайша кейіпкеріміз 2016 жылы Қостанай облысы, Ыбырай Алтынсарин ауданына қарасты Щербакова елдімекеніне орналасады. 4 бөлмелі баспанаға қол жеткізген. Осындағы фельшерлік-акушерлік пунктте жұмыс істеп, күніне 40-қа жуық адам қабылдайды.
Айта кетейік, Қостанай облысына 2016 жылдан бері 617 адам көшіп келген. Қоныс аударушының 292-сі еңбекке жарамды, оның ішінде 243-і жұмысқа орналасқан.
Ауыл әкімі Батырхан Ағаділовтің айтуынша, Щербакова ауылында бос үйлер бар, келем дейтін азаматтарға жергілікті билік тарапынан барынша жағдай жасалады. Тек қоныстанушының еңбек етуге құлқы болса, болғаны.
ДЕНСАУЛЫҒЫНА ШИПА ТАПҚАН…
Келесі кейіпкеріміз – Нұрлыбек Қисықов. Түлкібас ауданының тумасы тұрмысын жақсартуды ойлап, солтүстікке көшуді жөн санапты. Сөйтіп осыдан бір жыл бұрын отбасын, немерелерін алып Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Привольное ауылына жайғасады. Ауыл мектебіне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады. Үйлі-күйлі болады.
Қан қысымы жоғары кейіпкеріміздің айтуынша, мұндағы ауа-райы денсаулығына оң әсер еткен. Келгелі бері бірде бір рет қан қысымы көтерілмепті.
Ғабит Мүсірепов ауданының халық саны 40 мыңнан асады. Түркістан, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарынан бұл ауданға 32 отбасы келген. Бүгінгі таңда мұнда қоныс аударушыларға арналған 39 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Баспана құрылысы аяқталғанға дейін «Еңбек» бағдарламасымен ауылға жаңа көшіп келгендер жалдамалы немесе жұмыс беруші ұсынған үйде тұрады. Жергілікті биліктің айтуынша, олар жыл соңына дейін жаңа баспанада қоныс тойын тойлайды.
ҚАНДАЙ КӨМЕК БАР?
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына бірқатар жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады.
Атап айтқанда:
республикалық бюджеттен:
– Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері — 35 АЕК, 88375 теңгеге тең.
– Коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін:
1. Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 20 АЕК (50500 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (63125 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 30 АЕК (75750 теңге)
2. Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 15 АЕК (37875 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (45450 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 21 АЕК (53025 теңге) материалдық көмек көрсетіледі.
Егер де тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, бірақ қолыңызда қаржыңыз болмаса, бұл соманың бір жылдық жиынтығын бірден алып, үй алуға болады. Айта кетер бір жайт, бағдарламаға қатысушы отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қол жеткізуі үшін, жанұяның ең болмаса бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Ал, жергілікті билік оларды жұмыспен қамтуға міндетті.
Теріскейге жасаған сапардан түсінгеніміз, солтүстікте халық аз, жұмыс баршылық. Әсіресе, аудандар мен ауылдарда жұмысшы күші тапшы. Жергілікті жұртшылық егіншілік, мал, бау-бақша бағытында еңбек еткісі келмейді. Ауылды тастап көшіп кеткен. Ауылдағы қаңырап тұрған бос үйлер соның айғағы. Жер де жетерлік. «Тек еңбек етемін» дейтін жан болса болғаны.
Айтпақшы, аудандар мен ауылдарына көшу мақсат емес. Облыс орталықтарына да қоныс аударуға болады. Ал, түркістандықтар ауылды жерден көрі қалаға көшкісі келеді. Себебі, онда жұмыс орны көп. Дегенмен, қалада баспана қымбат. Қалтаға қонымдысын табу оңай емес. Ал, ауылды жерде бос тұрған баспана көп.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №34, 21 тамыз 2019 ж