Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов шаһардағы бірқатар өндіріс орындарын аралады. «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысып, онда орналасқан бірқатар өндіріс ошақтарында болды. Бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін бағамдай қайтты.

Елдің әлеуметтің әлеуетін арттыруда жеңіл өнеркәсіптің рөлі зор. Қазір Шымкент қаласында «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтарында 121 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 6,5 мың жұмыс орны ашылған.

Тассай индустриалдық аймағында орналасқан бұл зауыт Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Мұнда кернеуі 110 кВ-дан 500 кВ-ға дейінгі трансформатор шығарылады. Ауқымды жобаны былтыр ғана қолға алған бизнес өкілдері қазір алыс, жақын шетелдерге тауар тасымалдайды.

«Ресей, Өзбекстан нарығына және еліміздің өзге аумақтарына жібереміз. «Кегок», «Қазақмыс» компаниялары тапсырыс береді» дейді мамандар.

Бәсеке нарығына төтеп беретін тауар шығару үшін үнемі ізденіс қажет. Бұл ретте білікті ІТ мамандарының рөлі зор. Замана талабына сай келетін соңғы бағдарламаларға машықтанған Азамат Тойлыбев өндіріс қуаттылығын арттыру үшін Германиядан әкелінген техниканың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүр.

Азамат Тойлыбев, ІТ маманы: Бұл құрылғыларды Германиядан алып келді. Басында шетелдіктер үйретті бізді. Бағдарлама жетістіктерін сезініп жатырмыз».

Шаһар басшысы қала іргесіндегі логистикалық орталыққа да ат басын бұрды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қоймалар «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автомагистралінен 4 шақырым жерде орналасқан. Алайда, өңірде тауар экспортын ұлғайту мақсатында қолға алынған нысан қазір қуаттылығына сай жұмыс істеп тұрған жоқ.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов ұйымдастыру жұмыстарын ширату керектігін қадап айтты. Экспорттық әлеуетті көтеру үшін кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдайлар жасалуы тиістігін де қоса ескертті.

Бизнес өкілдерімен кездескен қала әкімі алдағы уақытта қосымша инвестиция тарту, тың жобаларды игеру бойынша нақты тапсырмалар берді. Миллионды мегаполисте ең алдымен халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту қажеттігін ескертті.

Мақпал Рысбаева