Қала әкімі Ерлан Айтаханов Шымкенттің бірқатар медициналық мекемелерінде болды. Ауруханаларды аралау барысында ондағы материалдық база мен емделушілерге жасалынып жатқан жағдаймен танысты.

Қала басшысы емделушілер саны көп №2 қалалық көпсалалы ауруханасының ғимаратына бас сұқты. 2018 жылға дейін Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қарамағында болған аурухана, былтырғы жылдан бастап Шымкент қаласының меншігіне өткен. Мекеме басшылығының айтуынша ғимаратты 44 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Техникалық базасы да көңіл көншітпейді.

Айта кетейік, аурухана көп салалы. Құрамында емхана, перзентхана және 10 бөлімше бар. Ауруханада емделушілер былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға көбейген. Соның салдарынан келушілер жәй палата емес, егу бөлмелерінде де жатыр. Нәрестелерге арналған жан сақтау бөлімінде жыл басынан бері 6 нәресте шетінепті. Бұл жағдайды ақ халаттылар техникалық-материалдық базаның аздығы себебінен болып отыр дейді.

Аурухананың дәліздерінде мүгедектерге жағдай жасалынбаған екен, ал есіктері мен терезелері шіріп тұр. 1975 жылдан бері құрылыс бетін көрмеген медициналық мекемені күрделі жөндеуден толықтай өткізу керек дейді. Ол үшін құжаттарды да түгендеп қойған екен.