«Жолды жабамыз!». №180 бағыттағы қоғамдық көліктердің тоқтағанына наразы Шымкенттегі Қызылжар шағынауданы тұрғындары осылай дейді. Жергілікті халықтың айтуынша жолаушылардың қала орталығына қатынауы мұңға айналып отыр. Ал билік өкілдері бұл бағыттағы көліктердің шығынды ақтамайтынын айтады.
Ашу-ызаға булыққан тұрғындар қоғамдық көліктердің бағыттан алынғанына наразы. Жергілікті халық жаңа оқу жылының басында автобустарға деген қажеттілік тіпті арта түсетінін айтады. Көрші шағынауданға қатынау әсіресе мектеп оқушыларына оңай тиіп жатқан жоқ дейді тұрғындар.
Қазір қала аумағына қосылған шалғайдағы шағынаудандар мен шаһардың орталығын жалғыз № 125 бағыттағы көліктер жалғап жатыр. Алайда жолаушылар шағын автобустарды сағаттап күтіп қалатындарын айтады.
Амалы құрыған кей тұрғындар қала орталығына таксилетіп жетеді. Бұл жергілікті халықтың қалтасына әжептеуір шығын келтіріп жатыр деп шырылдайды жұртшылық. Биліктің осы мәселеге назарын аудару үшін енді олар жолды жабуға да дайын екен.
Ал атқамінерлер бағытта небәрі бір ай жүрген автобустар шығынымызды ақтамады деп ақталды. Сондықтан да көліктерді тоқтатып қоюдан басқа амал жоқ деп шешкен. Автобустардың жүру бағытын нақтылауда халық пікірінің екіге жарылуы да мәселені тіпті ушықтырып жіберген.
Салаға жауаптылар қазір мемлекеттік сатып алу конкурсының ұйымдастырылып жатқанын айтады. Демек, мәселе жаңа мердігер анықталғаннан кейін ғана реттеледі. Алайда, тұрғындар қолданыста болған №180 бағыттағы автобустар бір ай ішінде бағытқа қайтарылмаса, өзге көліктердің де қатынасына кедергі келтіруге әзірміз дейді.
Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Тиімсіз болуына байланысты тоқтатылып тұр. Жолаушылар ағымы төмен дейді».
Мақпал Рысбаева