Шымкенттегі ИЧ 167/11 тергеу изоляторында ислам дінін насихаттайтын дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шымкенттегі ИЧ 167/11 тергеу изоляторындағы жиынға мекеме қызметкерлері мен қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ғана емес, дінтанушылар мен діни басқарманың ресми өкілдері қатысты. Бұл жолы тақырып та имандылыққа байланысты болды. «Отанды сүю — иманнан» деп аталады.Мегаполистегі өзге де түзету мекемелерінің қызметкерлері жиынға арнайы келіп, өзекті сауалдарын ортаға салды. Кері ағым мен жиһадтың жетегінде кеткендердің күйі мен сол қылмыс бойынша сотталғандардың қазіргі жағдайы да сөз болды. Олармен диалог орнату және ой-түйсігін жат идеологиядан арылтып, зайырлы қоғамға бейімдеу мәселесі де кеңінен талқыланды.

Бақыт Бұлғақов

Бақыт Бұлғақов, 167/11 тергеу изоляторы бастығының орынбасары: «Біздің идеологиямызға теріс ықпал: «Сирияға бару керек, жиһад жасау керек», — деген адамдар болды. Сол азаматтардың сол идеясы дұрыс емес екендігін дәлелдеп, оларға мейлінше түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өзіміз білмеген-түсінбеген тұстарында сала мамандары мен имамдарды, діни басқарманың өкілдерін шақырттық. Тиісті кесте бойынша олармен жұмыс жасалды. Нәтижесінде, жыл басынан бері  5 сотталған өздерінің теріс қадамдарын түсініп, қазір дәстүрлі дінді ұстанып жатыр».  ИЧ 167/11 мекемесінде діни экстремизмге қатысты қылмыс бойынша сотталған 18 адам жазасын өтеп жүр. Олардың 5-уі жасаған қылмысына өкініп, діни сауатын арттырып, дәстүрлі дін жолына түскен. Оған тергеу мекемесінде ашылған кітапхана да септігін тигізген. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы бекіткен оқулықтармен толыққан кітапханада діни білімін жетілдіруге тергеу мекемесіндегілер күніне 1,5 сағат уақытын арнайды. Мұнда қазір 98 атаумен 311 діни кітап бар.Бұдан бөлек, діни сауаттарын арттыру үшін арнайы кабинет те жасақталған. Кабинетте тергеу мекемесіне тоғытылғандардың дәстүрлі дінді насихаттайтын фильмдер көріп, рухани дамуға мүмкіндігі бар. Оған да арнайы кесте бойынша уақыт бөлінген.Айта кетейік, бүгінде ИЧ 167/11 тергеу изоляторында 530 адам жатқан болса , соның 27-сі әйелдер.

Мөлдір Бекеева