Ерікті атанған сотталғандар

200

Қораптарға азық-түлік үлестіріп жүрген бұл ерікті кәмелет жасына толмаған қызға үйленемін сотталған. Сөзінше, заң бойынша 18-ге толмаған бойжеткенге үйленуге болмайтынын білмепті.

Осыдан кейін сот 22 жастағы азаматты 2,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған. Содан бері пробация қызметінде тіркеуде тұрған ол бір ай бұрын ерікті атанғанын айтады.


Сотталған: «Отбасын құрған едім. Кәмелет жасына толмаған қызға үйлендім. Сосын маған 2 жыл алты айға бас бостандығымнан шектеу берді. Қазір осы пробация бөлімінде еріктілер тобын құрып, қызмет жасап жүрміз. Ұдайы тұрмысы төмен отбасыларға көмек беріп жүрміз. Қолымыздан келгенше. Азын-аулақ».

Төлеби ауданында сотталған еріктілер су тасқыны кезінде де шет қалмағандарын айтады. Бірі жұртты апаттан алып шығуға қол ұшын берсе, енді бірі оларды уақытша тұратын орынға жайғастырған. Ал карантин басталғалы үйді-үйге азық-түлік таратуды әдетке айналдырған. Бұл жолы олар тура өздері сияқты аңдаусыз қадам басып, шартты түрде сотталған азаматтың үйіне келді.

Сотталған: «Мен осы 2020 жылдан бастап істі болдым. Осы пробация қызметкерлері күн сайын келіп, жағдайымды сұрап тұрады. Өзім мүгедекпін. Азын-аулақ тамақ пен киім-кешек әкеп тұрады».

Айта кетейік, Төлеби ауданы бойынша пробация қызметінде тіркеуде тұрған 15 азамат еріктілер құрамына кірген. Олар есірткі пайдаланып, ұрлық жасап, не кәмелет жасына толмаған қызға үйленемін деп жауапқа тартылғандар. Қылмыстарының ауыр болмауына байланысты сот оларды шартты түрде бас бостандығынан айырған.

Назерке Үкібасова