Әйгерім Ержанқызы. Инстаграм арқылы көптеген қыз-келіншекке білгенін үйретіп жүрген аспаз келін. Қазір инстаграмда тағам әзірлеудің тәсілін көрсететін парақшалар өте көп. Ал Әйгерімнің ерекшелігі – үйде бар азық-түлікпен көп шығындайлмай-ақ дәмді тағам жасау. Дәл осы себепті де оның парақшасына жазылушылар күн санап артуда. Ендеше Әйгерім аспаз кім? Оның бұл бағытты таңдаудағы себебі не? Қызық па? Ендеше мақаланы оқи отырыңыз!
Әйгерім Шымкент қаласының келіні. Жасы 25-те. Ол ибалы келін, аяулы ана, асыл жар. Бір отбасының шаңырағын шаттыққа бөлеп, тыныштығын сақтап отырған үлгілі жан. Қазіргі таңда инстаграм парақшасында жазылушылардың саны 30 мыңға жуық. Үнемі жайдары жүретін Жас келіннен инстаграм желісінде қалай танымалдылыққа ие болғанын сұрадық.
– Соңғы кезде әлеуметтік желілер ішінде инстаграм желісі өте танымалдылыққа ие. Оның мүмкіндігін біреуі дұрыс пайдаланса, енді бірі берілген мүмкіндікті әлі дұрыс қолдана алмай келеді. Мен инстаграмның қолданушыға берген мүмкіндігін дұрыс пайдалануды үйреніп келемін. Әрине, бұл бағытқа жайдан-жәй келе салған жоқпын. Ең алдымен аспаздыққа баулыйтын парақшаларды көріп, өзіме керегін санама «тоқып» жүрдім. Өзім үйде түрлендіріп тамақ жасағанды жақсы көремін. Бір күні жасаған тағамдарымды инстаграмдағы парақшама сала бастадым. Жәй ғана салып қоймай, оның жасалу жолдарымен де бөлістім. Сол кезден бастап, ақырындап оқырмандарымның саны көбейе бастады. Парақшамның ерекшелігі үйде бар азық-түлікпен қалай дәмді тағам жасауға болатынын көрсету. Өйткені, көптеген қыз-келіншектер дәмді, көзге де сондай тәбетті ашатындай болып көрінетін тағамдарды тек кафе-ресторандардан ғана табамыз деп ойлайды. Немесе ондай тағам жасау үшін дүкенге барып қыруар қаржыға азық-түлік алу керек дейді. Бірақ олай емес. Мен барынша аз шығынмен әдемі дастархан жаюдың жолдарын үйретемін. Мысалы бір ғана қызылшамен тәтті әрі пайдалы салат жасау керектегін көрсетемін. Сондықтан да, оқырмандарымның саны күн санап артып келеді.
Қазір келіндер жаппай инстаграмға келіп жатқан уақытта біз Әйгерімнен өзіне жазылған оқырмандарының сенімін ақтау үшін не істейтінін де сұрадық.
– Білесіз ғой Айдана Ыбырай инстаграмға ауыл тұрмысын, шынайылықты алып келген келін ретінде танылды. Осыдан кейін көптеген келіндер өздерінің үйін жинаған, сыйыр сауған сәттегі бейнежазбаларын, суреттерін салуды ұят санаудан арылды. Бір сөзбен айтқанда шынайылық алға шықты. Осылайша көптеген келіндер инстаграмға келе бас-тады. Оның ішінде жасаған тағамдарын салып танымалдылыққа ие болғандары да бар. Жасаған тамағыңды парақшаңа сала беру де оқырмандарды жалықтыруы мүмкін. Сондықтан да мен соңғы кезде инстаграмдағы «тик-ток» тәсілінде фидео түсіруді қолға алдым. Өзімнің де әртістік қабылетімді сынап көрудемін. Оқырмандарыма ол бағытым да ұнап жатыр. Және міндетті түрде парақшаны сауатты жүргізу керек. Ол үшін түрлі кітаптар оқимын, белгілі блоггерлердің парақшаларын қадағалаймын. Яғни, өзімді үнемі дамытып отырамын. Өйткені, онсыз болмайды. Көп адам сенен үлгі алып отырғандықтан мойныңда үлкен жауапкершілік бар екендігін де сезінуіміз керек. Сол себепті, үнемі ізденіс үстінде жүремін.
Әйгерімнің парақшасын көріп отырып неше түрлі пайдалы кеңестер және тамақ жасау тәсілдерінің видео нұсқасын көреміз. Үлгілі келін бұл үшін ерекше бір техникалардың көмегене жүгінбейтінін айтады.
– Фото, видео түсіріп оны монтаждауыма қажет бір ғана зат ол менің ұялы телефоным. Қазір көп мүмкіндік бар. Қарапайым қалта телефонның өзін біраз кәдеңе жаратуға болады екен. Тамақтарды дайындау барысынан бастап толық дайын болған сәтіне дейін виедоға түсіремін де оны кейін арнайы бағдарлама арқылы монтаждаймын. Сосын ары кетсе бір минуттық виедо жасап парақшама салып қоямын. Көптеген адамдар «сізден көріп, үйреніп мен де осындай тағам жасадым» деп хат жолдағанда бойымды бір ерекше қуаныш кернейді. Демек, бір адамға болсын көмегім тисе, мендік мақсаттың орындалып жатқаны деп ұғамын. Оқырмандар көбінесе қарапайым пайдалы кеңестермен бөліскеніме алғыс айтады. Мысалы жақында ғана болгар бұрышын қысқа қалай сақтау керектігі жайлы пайдалы кеңес ұсындым. Ол менің тәжірибемнен өткен оқырмандарыма ұсынуға болатын кеңес. Жалпы парақшамдағы барлық пайдалы кеңестер ең алдымен өз тәжірибемнен өтеді. Сондықтан, жазылушыларыма алаңдамай мен ұсынған тәсілді қолдана беріңіздер дегім келеді.
Үлгілі келін кішкентай ханшайымның анасы. Ата-енесінің қолында тұрмаса да оларға деген құрметі ерек. Күйеуінің ризашылығын алып отырған аяулы жардың айтуынша, инстаграмда парақша ашып танымал болуына отбасының қолдауы ерек.
– Отбасым маған ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Тек қана «бізді ұятқа қалдырмасаң болды» деді. Күйеуім ерекше қолдау көрсетіп, қажет заттарымды алып беріп жүреді. Ол үшін қызымның әкесіне айтар алғысым шексіз. Ата-енем тарпынан да қолдау басым. Мұндай кезде отбасы қолдауы өте маңызды. Сондықтан да менің бұл жағынан жолым болды десем болады. Осы тұста маған кішкентайымнан жақсы тәрбиесін берген, барған жерімде сыйлы болып жүруіме үлкен үлесін қосқан, тамақ жасаудың неше түрін үйреткен өзімнің ата-анама ерекше алғыс айтамын. Олар болмаса мен ешкім емеспін. Сондақтан да мен отбасыммен қашан да мақтанамын.
Егер, келіндеріңіз немесе қыздарыңыз әлеуметтік желіде өзінің жобасын бастап жатса, оның дұрыс бағыт екендігіне көзіңіз жетсе, тек қана қолдау көрсетіңіз. Өйткені жақындарының қолдауы оларға маңызды. Мен қазір пайда да тауып отырмын. Орта есеппен бір мұғалімнің жалақасындай мөлшерде қаржы келеді. Бұл да жаман емес. Ең бастысы көптеген өзім сияқты нәзік жанды аруларға үлгі көрстеудемін. Мен ол үшін қуаныш.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №37, 11 қыркүйек 2019 ж
Әйгерім келіннің парақшасы aigerim_erzhankyzy