Емхана таңдау өз қолыңда

208

Елімізде келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде қызметтер көрсетілетін болады. Айта кетерлігі, 15 қыркүйектен  бастап  15 қарашаға дейін  елімізде  емханаға тіркелу науқаны басталды. Биыл тіркеу eGov электронды үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша  филиалының  директоры Асхат Бейсенбаев  мәлімет берген болатын.
Филиал  директорының  айтуынша, кепілдендірілген медициналық көмек пакеті бойынша  қызметтерді Бастапқы медициналық-санитарлық көмек халықты тіркеумен айналысатын емханалар мен клиникалар көрсетеді. Яғни,  учаскелік терапевт, педиатр, жалпы практика  дәрігері, фельдшер, тіркелген емханадағы медбике сынды мамандар қызметінен тұрады. Бұған: профилактикалық екпелер мен скринингтер; жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау; созылмалы аурулар (25 топ бойынша) әлеуметтік маңызы бар ауруларды (онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық аурулар) динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері жатады. Жалпы, бұл ауруларды емханадағы учаскелер деңгейінде басқаруға болады.
Азаматтардың барлығы шұғыл медициналық көмек ала алады, терапевке қаралып (созылмалы ауру асқынғанда), диагностикалық көмек, соның ішінде лабороторлық дигностикалық қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ әр адам мамандардан салауатты өмір салты, репродуктивтік денсаулық мәселелеріне қатысты кеңес алуына болады.

Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылған азаматтар пайдаланатын болады.

— Бұрынғы тәртіп бойынша емхана таңдауда аумақтық шектеу қойылмайтын. Бұл пациенттерге үйде көмек көрсету жағынан көптеген қиындықтар тудырды. Тұрғылықты жеріндегі емханаға емес, басқа жердегі клиникаға тіркелген адамдардың әсіресе, жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға үйге барып қызмет көрсету дәрігерлердің жұмысын қиындатып жіберді. Яғни, биылғы емханаға тіркелу науқанында айтарлықтай өзгерістер бар. Соған байланысты, нормативтік базаға өзгерістер енгізілді. Тіркеу барысында отбасылық принципке басымдық берілмек. Яғни, ата-анасы да, балалары да бір емханаға тіркелгені жөн. Ал, 18 жасқа толмағандарды баланың заңды өкілі тіркей алады. Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін- деді, Асхат Асанұлы.
Денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселенің бірі бастапқы медициналық-санитарлық көмектің рөлін күшейтіп, халықты жақын маңдағы қолжетімді учаскелермен (жалпы практика дәрігері) қамтамасыз ету.

Медициналық ұйымға тіркелу кезінде тұрғын  ең алдымен,  қызметті көрсететін компаниялар тізімінен тиісті емханасын таңдайды. Емханаға тіркелуге қатысты мәліметтерді:
-Жалпы тәжірибедегі емдеуші дәрігерден;
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру fms.kz ресми сайтынан;
-1406 бірыңғай байланыс орталығынан білуге болады.

Жалпы, Түркістан облысы  бойынша  медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың саны – 74. Оның ішінде, мемлекеттік — 40, жеке меншік – 34  мекеме құрайды.  Емханаға egov.kz порталы арқылы тіркелуге болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаның болғаны жөн. Содан соң «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау керек. Мұнан соң, «Медициналық көмек — қызметтер», «Алғашқы медициналық –санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» — «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, электронды форманы толтырып, сұраным жібереді. Пациент емханаға бір күнде тіркеледі.

Тіркелу науқаны аяқталмастан бұрын емханаға тіркелген-тіркелмегеніңізді анықтап қойғанның артықтығы жоқ.  Шұғыл жағдайларда жүгінген кезде науқас  кез -келген емханадан, оған тіркелмей-ақ, қызмет ала алуына болады. Сондай-ақ,  азаматтар емхананы тіркеу науқанынан басқа уақытта да ауыстыра алады. Яғни, басқа жерге қоныс аударған жағдайда жылына бір рет, емдеу мекемесі қайта құрылса немесе Қормен келісімшартты бұзған жағдайда басқа емдеу мекемесіне тіркелуге болады.

Сонымен қатар, елімізде тұратын әр тұрғын жылына бір рет өзі тұратын аумақтық бірлік шеңберінде емхана ауыстыра алады.