Ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналары наразылық танытты

267

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мемлекеттің ерекше қамқорлығында болуы тиіс деді. Ресми мәлімет бойынша елімізде ондай 80 мыңнан аса бала тіркеуге алынған. Бірақ солардың барлығының мәселесі шешілмей отыр. Оған мысал бүгін Шымкент қалалық әкімдігіне жиналған бір топ аналардың наразылығы. Мүмкіндігі шектеулі балалаларын арнайы орталыққа орналастыра алмағандар қала әкімінің қабылдауына кірмек ниетте болды.

Гүлмира Найманова — бес баланың анасы. Оның біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Сал ауруына шалдыққан баласы арнайы күтімді қажет етеді. Мемлекетке масыл болмай, перзентін арнайы орталықта оқытып, өзі жұмыс істесем бе деген.

Гүлмира Найманова, тұрғын: “Жұмысқа шығамын деп баланы орталыққа апарсақ қабылдамай қойды. Қаржы жоқ деп шығарып салды”.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына көбірек көңіл бөлінуі тиіс екенін айтты.

Бүгін асырауында мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар жиналып, әкімінің қабылдауына кірмек болды. Олар перзенттерін арнайы орталыққа орналастыра алмай жүрген мұңын айтпақ болған. Алайда ол талабы орындалмады. Бірнеше жауапты маман шығып, мәселе шешудің орнына аналарды жұбатумен болды. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев әйелдер қауымын сабырлыққа шақырып мәселе шешіліп жатқанын алға тартты.

Нұрғали Егембердиев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басқармасы басшысының орынбасары: “Ол жерде 30 жатын орынды дайындап жатырмыз. Балалардың күтіміне арнайы мамандар қажет. Қаржы қарастырылмаған, қыркүйекте бюджет нақтыланады біз өтінім түсірдік”.

Осыған дейін мүмкіндігі шектеулі балалар “Нұрсәт” шағынауданындағы №6 интернат-балабақшада тәрбиеленіп келген. Ондағы күтімге көңілі толмаған ата-аналар арызданып , “Самал 3” шағынауданындағы халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталыққа ауысуға әрекеттенген.

“Қызымды орындыққа байлап қояды. Өздері шәй ішіп отырады Тамағы да нашар” дейді аналардың бірі.

Қанша айтса да ашынған аналарды әкім қабылдаған жоқ. Шаһар басшысын күтіп шаршаған аналар ақыры отбасының қамымен кетті. Ал, мәселе сол күй қалды. Әзірге…

Шынар Оразова