Медициналық сақтандыру қоры (МСҚ) азаматтар үшін медициналық қызметтерді сатып алады, яғни, пациенттің мүддесіне қарай, жеткізушілермен шарттық қарым-қатынас жасайды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекованың мәліметінше, қор 2019 жылдың 8 айында республиканың медициналық ұйымдарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде халыққа көрсетілген қызметтер үшін аударылған қаражат көлемі 697 млрд теңгені құрады.
Қордың медициналық көмектің көлемі мен сапасын бақылауға толық өкілеттігі бар. Мониторинг медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік және жеке меншік компаниялардың барлығына бірдей жүргізіледі. Қордың 17 филиалының кәсіби дәрігер-сарапшылардан құралған құрылымдық бөлімшелері бар. Олардың міндеті – емдеу сапасының жоғары болуын бақылау.
Қызметін абыроймен атқаратын медициналық қызмет көрсететін компанияларды қор ұзақ мерзімді шарттармен, үздік жұмысы үшін түрлі бонустармен қолдайтын болады. Бағалау барысында тұтынушылардың медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне деген көзқарасы ескеріледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) сарапшылары көрсетілген медициналық көмек сапасын пациенттің маршруты бойынша бағалайды. Яғни әрбір сатыда, әрбір өнім беруші бойынша қорытынды шығарылады. Осы мақсаттар үшін үш деңгейлі мониторинг жүйесі құрылды.
Бірінші кезеңде белгіленген емдеу стандарттарына сәйкестікті тексеру қашықтықтан, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінде жүргізіледі. Екінші кезеңде медициналық қызмет көрсететін компанияның өндірістік базасына бару қарастырылған. Үшінші кезеңде жоғары технологиялық және қымбат тұратын қызметтер көрсететін ұйымдардағы медициналық қызметтердің сапасы бағаланады.
Сараптаманың күрделілігіне байланысты әрбір кезеңде бұл мәселемен біліктілігі жоғары мамандар айналысады. Мысалы, жоғары санаттағы сарапшылардың міндеті – пациент дертінің асқынуына немесе адамның қайтыс болуына әкеп соққан себептерді егжей-тегжейлі талдау. Болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін ұсыныс айту.
Келер жылдан бастап сараптама медициналық көмектің екі пакеті бойынша жүргізіледі: сақтандырылған және кепілдік берілген. Ал мониторинг процесін автоматтандыру мен сапа индикаторларын әзірлеу және басқа да жаңашылдықтар жұмысты жылдам әрі тиімді түрде атқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қор пациент мүддесін қорғаушы ретінде әрекет етеді.