Шымкентке 2500 полиция қызметкері жетіспейді

525

Жыл санап халық саны артып жатқан Шымкентке полиция қызметкерлері жетіспейді. Сондықтан, алдағы уақытта тәртіп сақшыларының қатары артуы мүмкін. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мәлімдеді. Халыққа есеп берген Ералы Жұмаханбетов қоғамдағы дау тудырған мәселелерге де тоқталды. Көптің көкейінде жүрген салмақты сауалдарға да жауап берді.

«Мен 25 жыл сыртта істедім, жасыратын несі бар?! Енді өзге өңірлердегілердің бәрінің айтатыны бір – Шымкентте бәрі «сатылады» дейді. Дұрыс па? Шындық қой ол! Не қыламыз жасырып?!» Халыққа есеп берген Ералы Жұмаханбетов алдымен Шымкентке қатысты осы бір қалыптасқан түсінікті ерекше атап өтіп, оны біржолата жойғысы келетінін жасырған жоқ. Полиция департаментінің бастығы қоғамдағы қылмыс пен құқықбұзушылықты жою мақсатында қазір жүйелі жұмыстар қолға алынып жатқанын, тіпті әлеуметтік желіде парақшалар ашып, тұрғындармен тікелей байланыс орнатқанын алға тартты. Сөзіне сенсек, тәртіп сақшыларының кәсіби белсенділігінің артуы, сондай-ақ халықпен жүргізілген түсіндіру шаралары өз жемісін беріп жатыр.

Ералы Жұмаханбетов

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы: «Былтырғы жылмен салыстырғанда 8 айда тіркелген қылмыстардың саны – 10 812-ден 9 462-ге дейін, 1350 қылмысқа төмендеді. Ол 12,5 %-ды құрады. Оның ішінде аса ауыр қылмыстардың саны – 46-дан 28-ге төмендеді. Көрсеткіші – 39,1 %-ды құрады. Адам өлтіру фактісі – 21-ден 10-ға төмендеп, көрсеткіші – 52,4 %-ға түскен. Денеге ауыр жарақат салу – 43-тен 34-ке азайып, 21 %-ға төмендеді. Қарақшылық қылмысы 20-дан 14-ке кеміп, көрсеткіші – 30 %-ға төмендеді. Тонау фактісі 325-тен 2 36-ға түсіп, 30 %-ға төмендеді».Жасөспірімдер мен жастар қылмысы да басты назарға алыныпты. Осыған орай, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы жүйеленіп, қызмет сапасын саралау үшін «Өзіміздің полиция» жобасы да қолға алынып, қорытындыланған. «Нәтижесінде, екеуі қызметімен қош айтысып, 8-і — қатаң сөгіс, тағы 7-уі сөгіс алуы мүмкін», – делінген еді. Қазір бұл жоба тағы 1 айға жалғасын тауыпты. Жиында ұрлық пен қарлықтан мезі болған мегаполис тұрғындары да өз базыналарын жеткізді. «Қылмыс ашылмай қалды, тергеушілердің тың тексерісі қажет» деген өтініш-арызбен келгендер де табылды. Олар іс созбалаңға салынып немесе бұрмаланбауы үшін Ералы Мұсаәліұлының жеке қадағалауын өтінді.Кезекті кездесуде департамент бастығы миллионды қалаға әлі 2500 тәртіп сақшысының жетіспеушілігі бар екенін айтты. Соған қарамай, сала қызметкерлері сапалы жұмыс жасауға барымызды салып жатырмыз деп сендірді. Шара соңында Шымкенттегі қылмыс пен құқықбұзушылықты ашуға көмектескен белсенді тұрғындар марапатталып, алғысқа бөленді.

Мөлдір Бекеева