Шымкентте «Өзіміздің полиция» жобасы қорытындыланды

357

Екеуі қызметімен қош айтысып, 8-і – қатаң сөгіс, тағы 7-уі сөгіс алуы мүмкін. Шымкентте «Өзіміздің полиция» жобасының қорытындысы осындай. Жергілікті полиция қызметі басшылығының айтуынша, тұрғындармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеген учаскелік инспекторларға қатысты шара көру ұсынысы Полиция департаментіне жолданған. Бұл ұсыныс жасаларда инспекторлардың жұмысы жіті зерделеніп қана қоймаған. Жергілікті тұрғындардың берген бағасы да ерекше ескеріліпті.

Шымкенттегі «МЖК» шағынауданындағы оқиғаларды жергілікті жұрт әлі де ұмыта қойған жоқ. Полиция департаменті мұндағы учаскелік инспекторды да жаңадан тағайындаған. Жергілікті жұрт бұл өзгерісті қаншалықты байқады?«Фамилиялары есімде жоқ. Есімдері – Бексұлтан, Ербол деген жігіттер. «Учаскелік полиция қызметкеріміз»,- деп бізбен танысып, телефон нөмірін беріп, үнемі хабарласып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Тіпті күн сайын келіп, ауладағы жасөспірімдермен де сөйлесіп, қарттардың мәселесін де тыңдайды. Бұрын у-шу көп еді. Учаскелік полиция қызметкерлерін шақырсаң да келмейтін. Сосын «102»-ге хабарласатынбыз. Қазір бәрі тынышталып қалды. Шүкір. Бұл жігіттерге алғысымды айтамын», – дейді Қалдықыз Қалдыбаева.

Мұнира Азимова

Мұнира Азимова, шағынаудан тұрғыны: «Шындықты айту керек, Ербол Юсупов деген учаскелік полиция инспекторы келгелі, кешке қарай саябақтарға серуендеуге, кешқұрым көрші-қолаңмен әңгіме-дүкен құруға есік алдына шығатын болдық. Төбелес те, маскүнем де жоқ. Балдарымыз да еркін жүр көшеде. Қайбір күні түнгі 23-00-ден асқанда олардың бір маскүнемді ұстап әкетіп жатқанын көріп, әлі жүрсіңдер ме десем, «Сіздер үшін жұмыс жасаймыз!», -дейді. Осыдан кейін, жақсылығын қалай айтпайсың?!»

«Өзіміздің полиция» жобасы осыдан 1 ай бұрын қолға алынған. Бастаманың басты мақсаты – учаскелік полиция инспекторларының қызмет сапасын арттырып, жүйені жетілдіру. Оның аясында, учаскелік полиция қызметкерлеріне тұрғындармен тығыз байланыс орнату да міндеттелген еді. Енді шара қорытындысы бойынша, бірқатар тәртіп сақшысы қызметімен қош айтысуы мүмкін.

Ерғали Сүлейменов, Шымкент қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының

Ерғали Сүлейменов

бастығы: «Осы акция барысында учаскелік полицейлер 210 рет халықпен кездесулер өткізді. Десе де, өз деңгейінде толыққанды жұмыс істемеген 17 учаскелік полиция инспекторының жауапкершілігін қарау үшін  тәртіптік комиссияға ұсынып отырмыз. Тіпті 2 учаскелік полиция инспекторын қызметінен  босатуға дейін шара қолдануға ұсындық. Қалғандарына сөгіс, қатаң сөгіс деген шара көрілуі мүмкін».

Жергілікті полиция басқармасы басшылығының сөзіне сенсек, миллионды қалада талапқа сай барлығы 470 учаскелік полиция қызметкері болуы тиіс. Ал Шымкентте олардың саны – 369. Айта кетейік, Шымкентте 8 айдың өзінде учаскелік полицейлердің қатысуымен – 1 341 қылмыс ашылған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда – 150-ге көп.

Мөлдір Бекеева