Шымкентте 7 айда 26 мыңға жуық адам көлік жүргізу куәлігін алған:сан мен сапа?

173

Шымкентте жыл басынан бері 26 мыңға жуық адам көлік жүргізу куәлігін алған. Бұл былтырғы көрсеткішкпен салыстырғанда 34 пайызға артық. Есесіне, үшінші мегаполисте жол-көлік оқиғасы тыйылмай тұр. Тіпті, қайғылы жағдайдың саны артып, небәрі 7 айдың ішінде 36 адам қаза тапқан. Бұл – жаңа заңнамаға сәйкес жүзеге асқан жоба – жүргізуші куәлігін аларда автомектептерді тәмамдауын талап етпеудің нәтижесі ме? Әлде жүргізушілердің салғырт-сауатсыздығы ма? Жауап іздеп көрдік…

Шымкентте күн санап, көліктер мен оны жүргізушілердің саны артып келеді. Жыл басынан бері мегаполисте 26 мыңға жуық адам көлік жүргізу куәлігін алған. Себебі «А» және «Б», яғни жеңіл автокөлік пен мотоцикл тізгіндеушілер үшін келесідей өзгерістер еніп отыр.

Асқар Исаев, мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысы: «Қазіргі уақытта автомектептерді оқып келудің қажеті жоқ. Бірінші мәрте тапсыратын тұтынушылар өздері келіп, тапсыра береді. Осында бізде оларға жеңілдіктер көрсетілген. Сол бойынша 1 мәрте, 2 мәрте көлікті айдап көріп, ыңғайына қарап тапсырады. Соңында жақсы нәтиже көрсетсе, көлік жүргізу куәлігін алады. Қазіргі статистикаға жүгінетін болсақ, келушілердің 30 пайыздайы – автомектептерді аяқтағандар,  ал 70 пайызы – көлікті басқаруды өз бетінше үйреніп, сосын келіп жатқандар».

Бұл – Шымкенттегі автомектептерге барып, сауатын ашушылардың қатары анағұрлым сейілді деген сөз. Қаламызда бүгінде барлығы 19 автомектеп бар екенін ескерсек, әзірге қысқартуға тап болғандары байқалмайды. Бірақ, мектеп мұғалімдері енді көлік тізгіндеушілерден кәсіби білімді қажетсінбейтін бұл жобаны құп көрмейді. Айтуларынша, адам мен адам өмірінің қауіпсіздігі үшін практикалық қана емес, теориялық білімнің маңызы зор.

«Көлік мектебінде негізі 4 пәнді өтеміз. Бірінші пән – ҚР Жол жүру қағидалары, яғни ережелері. Екіншісі – автомобильді басқарудың қауіпсіздік негіздері. Яғни, көлікті басқаруда қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек? Көлікті әр түрлі ауа райы жағдайында басқару, шаршау кезінде қандай уақиғаларға әкеп соғуы мүмкін, бәрін үйретеміз. Үшінші пәнімізде – автомобильдердің құрылысын өтеміз. Онда көлікті қандай жағдайда басқаруға тыйым салынады, соны меңгереді. Ал төртінші пәнде – жол апатына тап болса, сонда көрсетілетін алғашқы медициналық жәрдемді оқып, біледі», – дейді автомектептің мұғалімі Әділбек Есмаханов.

Ал қаламызда темір тұлпар тізгіндеп жүрген жүргізушілер арнайы автомектепті тәмамдаған ба? Немесе жол үстінде өздері жиі бұзатын жол ережелері қайсы? Көлік жүргізушілері арасында осы сауалды қойып, арнайы сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесінде, темір тұлпар тізгіндегендердің дені – көлік басқаруды өз бетінше үйреніп, көлік жүргізу куәлігіне қол жеткізгендер болып шықты. Және рөлде кезде белбеу тағынуды ұмытып, жылдамдықты жиі тежей алмайтындарын да жасырған жоқ.

Есесіне, үшінші мегаполисте жол-көлік оқиғасы тыйылмай тұр. Тіпті, қайғылы жағдайдың саны артқан. Небәрі 7 айдың ішінде Шымкенттің жолдарында 36 адам қаза тапқан.

Ерғали Ерманов

Ерғали Ерманов, Шымкент қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:»Осы 2019 жылдың 7 айының өзінде, жалпы 188 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 36 адам қаза тапқан. 233 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Былтыр  187 жол көлік оқиғасы тіркелген еді. Демек, биылғы көрсеткіш 1 жәйтқа жоғарылап отыр».

Полиция қызмеркерлері Шымкенттегі көлік жүргізушілерінің жиі бұзатын жол ережелерін де атап өтті. Сөздеріне сенсек, рөлді тізгіндегендер көбіне жылдамдықты тежей алмайды және жаяу жүргіншілерге жол беруде құлықсыз. Салдарынан, жыл басынан бері жол ережесі бойынша 82 889 әкімшілік құқық бұзушылық болған. Бұл – көлік жүргізушілерінің жол ережесі бойынша сауаты тиісті деңгейде емес дегенді көрседі.

Мөлдір Бекеева