Шымкентте ирригациялық жүйе алдағы маусымға дайын ба?

492
Сұлтанхан Түзелов, Шымкент қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы

Қаладағы ирригациялық жүйелерге жауапты мамандар каналдар мен арық-атыздарды тазалау жұмыстарына қызу кіріскен.

Аумағы 117 мың гектарға жеткен шаһарда ұзындығы 97 шақырымды құрайтын 9 өзен канал бар. Оларды қоқыстан тазалау жұмыстарына бірнеше мердігер мекеме жұмылдырылған. Коммуналшылар Қошқарата өзенінің Қорғасын зауыты аумағындағы түйіткілдер шешілді дейді.

Сұлтанхан Түзелов, Шымкент қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы

Сұлтанхан Түзелов, Шымкент қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы: «Қошқарата өзенінің төменгі жағындағы  бөлігі  биіктеу болған соң су жайылып ағатын.Ол жерде  суды Бадамға жіберу бойынша жұмыстар жүргізілді,  қазір проблема жоқ».

Жауынды-шашынды күндері Т. Рысқұлов көшесінің Евразия базары  алдындағы  аумағында ақаулар жиі орын алады. Жаңбыр суы көшені алып кетеді.

«Дәл осындай жағдай «Нұрсәт» шағынауданындағы Назарбаев даңғылында орын алатын. Бұл жерде біз диаметрі кішкентай құбырды алып тастап лотоктардың бетін аштық» дейді Сұлтанхан Түзелов.

Арнамызға хабарласқан А. Байтұрсынов көшесінің тұрғындары күрделі жөндеуден өткен көше жолының бойынан арықтар көрмедік дейді. Күні ертең жауында тіземізден су кешіп жүрмейміз бе де қауіптенеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлер ирригациялық жүйені ескердік деп сендіреді.

Арман Бекбауов, геодезист: «Жолаушылар жүретін плиталардың астына лотоктар орнатылған. Адамдар уайымдамасын ЖСҚ ирригациялық жүйе қарастырылған».

Қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар «қалаға кейіннен қосылған елдімекендер ирригациялық жүйелермен қамтылады»,- дейді. Егерде бюджеттен қаржы бөлінсе, 13 тұрғын алабындағы көше бойына арық-атыздар салынып, Жаңа Шек каналының арнасы  бетондалады. Қазір мамандар 19 мекенжай бойынша  ирригация жүйесінің  жобалық-сметалық жобасын  әзірлеп жатыр.

Шынар Оразова