Сауда орындарында бөлке нанның бағасы тұрақты. Ас атасы сөрелерде 65-70 теңгеден сатылып жатыр. Көкөністерден картоп пен пияздың келісі — 100 теңге болса, сәбіз бен қызанақ — 150 теңге.
Қиярдың келісі — 250 теңгеге бір-ақ жетіпті. Зейнеткер Жүзімкүл Орынбаева «көпбалалы отбасымыз, бағаның тұрақты болғаны жақсы ғой», дейді.
Сатушылардың айтуынша, базардағы баға келіп түскен тауардың мөлшеріне байланысты. Бірақ соңғы кезде көкөніс пен жеміс-жидектің басым бөлігі Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейге жөнелтіліп жатқандықтан, оның бағасы өскен. Еттің бағасы жаз бойы бір қалыпты болды дейді сатушылар.
Жылқы етінің бағасы 2 200-2300 теңге төңірегінде, қой еті — 1700-1750 теңге аралығында саудалануда.
Шакизат Омарова, сатушы: «Төртке бөліп сатамыз. Сан еті — 1800 теңге, қол еті 1700-1750 теңгеден. Ең таза өнім ет қой. Қазақ болған соң етсіз отырмаймыз».
Күнделікті тұтынатын азық- түлікке бағаны реттеу үшін Шымкентте тұрақтандыру қоры құрылды. Қыркүйек айында Әділет басқармасында тіркелген. Қор сатып алатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі бекітіліп, олардың бағасы қала әкімдігінің қадағалауында болмақ. Әзірге қор әлі керекті азық-түлікті қамдамаған.
Тізімге енген ұн және ұн өнімдерінің, өсімдік майының қоры Шымкенттің өзінде жасақталса, ет, сүт өнімдері мен көкөніс Түркістан облысында өндірілген өнімдермен толығады. Тұрақтандыру қорындағы тауарлар өткен жылға дейін автодүкендер жұмыс істеген болса, биылдан бастап әлеуметтік бағадағы азық — түлік арнайы белгілеген сауда орындарында сатылады.
Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Сараптама көрсетті ол тиімсіз болды. Енді бекітілген үлгідегі тұрақтандыру қоры «Имран», «Фиркан», «Магнум» ірі сауда орындары сияқты делдалсыз азық — түліктің қорын әлеуметтік бағада босатады».
Бағаларды тұрақтандыру мақсатында Қажымұқан стадионы мен «Рахима плаза» сауда орталығы жанында ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтеді. Сенбі, жексенбі күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеде биыл Шымкент аумағындағы шаруалар ғана өз өнімін сатып келсе, енді бұл шараға түркістандық шаруа қожалықтары да қосылады.
Шынар Оразова