Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері жастарға қолдау көрсету басты мақсаттың біріне айналды. 2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланғаны бар, ел болашағы – жас толқынның өмір сүруіне жағдай жасау жағы да ескеріліп, соған сай түрлі жобаларды іске асырып жатыр. Сондай ірі жобалардың бірі – «Turkistan – Jastar Qalasy». Осы жоба аясында қала орталықтарында ұлттық ерекшеліктегі заманауи алаңшалар пайда болуда. Мұндай алаңшалардың жас-тар мәдениетіне қосар үлесі қандай? Тақырыпқа қатысты сан сауалдың жауабын Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Береке Дүйсебеков айтып берді.

Түркістан қаласы елдің есінде тек рухани астана атанып қалмай, жаңа бір тынысы ашылды. Алда жарқын болашағы бар қаланың білімді де білікті жастары көп болу керек. Береке Талғатұлы бұл үшін жас толқынның мақсаттары, армандары, мүдделерін біріктіретін дүние табу басты міндеттері болғанын айтады. «Turkistan – Jastar Qalasy» жобасы осындай ойдан туындаған екен.
– Жаңа жоба облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен алғаш рет Түркістан қаласында өткізіліп отыр. Жобаның жас буынға берері мол. Ең алдымен облыс жастарының болашағына тек жақсы әсерін тигізсе деген жоспармен құрылды. Бұл жоба жастардың спорттық әрі шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына жол ашады. Біз жас буынға осындай алаңдарды жасап беру арқылы ең алдымен олардың бойындағы тасыған энергиясын дұрыс бағытта жұмсай алуына әсер етіп отырмыз. Тек бұл ғана емес әрине. Осы арқылы қала жастары кәсіби мамандардан дәріс ала алады. Мұндай алаңшалардың болуы көше мәдениетін қалыптастыруға да қосар үлесі зор. Бұл – басты мақсаттардың бірі. Спорттық алаңда жастар Street work out, Street Ball, Ұлттық ойындарға, шығармашылық алаңда RAP battles, Street Dance, Karaoke party-ге қатыса алады. Осылайша жоба спорттық-ойын-сауықтық және мәдени-шығармашылық бағытта жұмыс істеп келеді.

Береке Талғатұлы жастар арасында субмәдениеттің қалыптасуына үлесін қосатын алаңдардың қаланың қай жерлерінде орналасқанын және алаң түсетін аумақтың қалай таңдалғаны төңірегінде де айтып өтті.

– Біз бұл жерде де жасардың ұсынысын ескердік. Қаламыздағы 4 локация жас буынның жиі жиналатын орындарынан ашылды. Алаңдардың жұмыс істейтін уақыты да белгіленді. Аптаның жұма, сенбі, жескенбі күндері кешкі 20:00-23:00 аралығында жастарымыз келіп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Бұл жерде жастар өз үйіне жақын орналасқан алаңға баруына мүмкіндік бар. Төрт жерде болуы осы жағынан тиімді болып тұр. Осы төрт алаңның ішінен өзі қалағанына барады. «Сен тек өз үйің жағындағы алаңға бар» деген шектеу жоқ. Алғашында елге белгілі «Есім хан» алаңынан басқа алаңдарға жастарды тарту қиынырақ болды. Дегенмен, қала жастарының жаңа дүниеге жаны құштар екенін байқадық. Көп уақыт өтпей-ақ, басқа алаңдарға да жиналатын жастардың саны көбейді. Қаланың шеткі аудандары «Парасат саябағы», «Жеңіс саябағы» мен «Рәміздер алаңы» жарықпен қамтамасыз етіліп, ретке келтірілді,-дейді ол.

Жобаның ашылу салтанатында әлеуметтік желі арқылы бұл жобаның пайдасынан көрі зияны көп екенін айтқандар да болды. Мұндай пікірге қатысты орталық басшысының ойы қандай?
– Қай қоғамға қарасақ та ескіні артық көріп, жаңаны мойындамудың болғанын білеміз. Иа, бұл жобаның ашылу кезінде «бұл батысқа еліктеушілік» деп пікір білдірген адамдар болды. Осы тұста мына бір нәрсені айтқым келеді. Қазіргі жас толқынның қалауы да таңдауы да басқа. Біз олармен санасып, қоғамға жастардың көзімен қарауды үйренуіміз керек. Өйткені, болашақ осы жастардың қолында. «Жастарымыздың бойына тек ұлттық құндылықтарымызды дарытып, сол арқылы тәрбиелеуіміз қажет» деген қағида жоқ қой. Және бұл жобалар ірі қалаларда да дамып жатыр. Осы кезге дейін оның қандайда бір теріс әсері болғанын естіген жоқпыз. Жастардың қалауы, жастардың таңдауы біз үшін басты орында,-дейді директор.

Береке Талғатұлының айтуынша, «Turkistan – Jastar Qalasy» жобасы фестивал ретінде ұйымдастырылғандықтан, бұған тек қалалық жастар ғана емес аудандық жастар да қатыстып бағын сынауға мүмкіндіктері бар.
– Егер сіз, осы жобаға қатысушы ретінде алаңға келсеңіз, өнеріңізді жіті қадағалап отыратын арнайы тәлімгерлер бар. Олар алаңға келген жастардың өнерін қадағалап көзге ерек түскен біреуі болса, тәлімгердің өзі сізді «Жастар ресурстық орталығында» өтетін арнайы дәріске шақырады. Сөйтіп, ақтық сайысқа сол тәлімгердің өзі сізді дайындап іріктейді. Ал, бұл жобаның үздіктері 20 қыркүйекте анықталады. Ол кезде тәлімгер емес, әділқазы алқасы төрелік етеді. Біз бұл жобаға жастарды көптеп тарту үшін қазіргі таңда алаңдарға келіп өнерін көрсеткен жастарды ынталандырып, олардың байқауға деген құлшынысын ашу мақсатында түрлі бағалы сыйлықтар үлестіреміз. Ақтық сайыста өнерін көрсетіп, жанын салып жүрген жас буын құр алақан қалмайды,-дейді Береке Дүйсебеков.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат» №36, 4 қыркүйек 2019 ж