Ағымдағы жылдың 1-маусымынан бастап, жылдағы дәстүрге сай, «Көкнәр-2019» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы басталған болатын. Іс-шараның негізгі мақсаты — жабайы өсетін есірткі өсімдіктерінің заңсыз егістіктері мен аумақтарын анықтауға және жоюға, есірткінің заңсыз таралуына қатысы бар тұлғаларды ұстауға және есірткі арналарының жолын кесуге бағытталған.

Аталған жедел-профилактикалық іс-шарасы облыс көлемінде кең көлемді, қарқынды түрде іске асырылды. Атап айтар болсақ, «Көкнар-2019» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ауласында есірткі егіп өсірген азаматтарды ұстады.

Мысалы, Түркістан қаласының жергілікті тұрғыны, жасы 50-ден асқан ер азаматтың үйінен, қарасора өсімдігінің, өсірілген 8 түбі табылып, айғақты зат ретінде алынған. Жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, аталған айғақты зат есірткі екендігі анықталып, жалпы салмағы 9 келіге жуық қарасора болып шықты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, ұсталған азаматтың есірткі түптерін қандай мақсатта өсіргендігі анықталуда. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Сонымен қатар, Келес ауданынының азаматы «ауласында тыйым салынған өсімдікті егуде» деген күдікке ілініп, үйін тінту барысында қарасора өсімдігінің 1 түбі табылды. Табылған есірткіге ұқсас зат тәркіленіп, айғақты зат ретінде алынды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабымен тіркелді. Айғақты зат сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, есірткі болып табылды. Салмағы шамамен 500 грамға жуық. Ұсталған азамат қамауға алынды.

Төлеби ауданында тағы бір заңсыз есірткі өсірумен айналысқан күдіктінің жолы кесілді. Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен Төлеби АПБ-нің полицейлері тыйым салынған өсімдікті заңсыз егіп, өзінде сақтаған жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікке ілінген тұрғынның үйін тінту барысында 47 түп есірткі затына ұқсас хош иісі бар өсімдіктер табылып, тәркіленген. Ұсталған азаматтың айтуынша ол осынша өсімдікті өзінің қажеттілігі үшін еккен. Сараптама тағайындалды. Күдікті қамауда.

Анықталған барлық деректер ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеліп, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.