Учаскелік полицейлер өзін-өзі өлтірмекші болған жігітті құтқарып қалды

121

Қазығұрт АПБ-нің учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Ерғали Тұрлыбеков пен полиция майоры Ержан Құраловтар өздеріне берілген аймақтарды күнделікті қарап, тексеріп жүрген. Кенет ауылдағы қараусыз қалған мал қораны көріп, ішін тексеруге кіреді.

Мал қораға кірген сәтте, жіпке асылып тұрған ер адамды көріп қалып, уақыт өткізбей тұрғынды жіптен босатып алады. Жаңа ғана жіпке асылғанын байқап, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өлім аузында жатқан жанның бетін бері қаратады.

Нәтижесінде, бұл өмірмен қоштаспақшы болған азамат тірі қалды. Учаскелік полицейлер өз-өзіне қол салмақшы болған жігіттің өмірін өлімнен арашалап, жедел жәрдем шақырып, АПБ-нің кезекші бөліміне «өз-өзіне қол жұмсауға оқталу» бойынша хабар береді.

Халықтың амандығы мен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуде аянбай еңбек ететін полицейлер осы жолыда өз қызметтерін мінсіз атқарып шықты. Қазіргі таңда жігіттің жағдайы жақсы.

Белгілі болғандай, өзін өлімге қимақшы болған жас жігіт анасымен бірге тұрады. Үйленбеген, жоғары білімді, жұмыссыз. Анасының айтуынша, ұлы біраздан бері өмірден өткен әкесі өзіне шақырғанын айтып жүрген.

Осылайша, өзіне белгіленген аймақтағы түрлі қылмыстарды болдырмау мақсатында күні-түні қызмет етіп жүрген учаскелік полицейлер, шынында да ауыр жағдайдың алдын алды. Өз кезегінде жас жігіттің анасы мен көршілері полицейлердің елдің қорғаны деген атқа сай болғаны үшін алғыстарын жаудырды.

Түркістан облысының полицейлері қажыған азаматтарға өз-өзіне қол жұмсау тығырықтан шығар жол еместігін айтады. Дін жағынан алсақта, бұл дұрыс емес. Сондықтан, өз өмірімізге балта шаппай, әрбір күннің қадіріне жете білейік. Барлық мәселенің шешімі бар екендігін ұмытпайық.