Былтырғы жылу беру маусымында Шымкент қаласында 6 газбен улану оқиғасы тіркелген. Салдарынан 8 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алыпты. Биылғы маусымда осындай қайғылы оқиғаларға жол бермес үшін төтеншеліктер қандай шараларға кірісті? Тұрғындар жылыту маусымында нені ескеру қажет?

Төтеншеліктердің пайымдауынша, газдан улану жағдайларының жиілеуіне ең алдымен тұрғындардың өздері кінәлі. Газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбайды, жылыту маусымының алдында мұржаларды тазаламайды, тағысын тағылар. Төтеншеліктер сұрыптап шыққан осынау қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларының сақталмауы адам шығындарына әкеліп соғады. Өкінішке орай, жыл сайын миллиондаған қаржыға тек түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандардың әрекетінен ауыз толтырарлықтай нәтиже болмай отыр.

Нұрбола Дербісов, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы: «17 млн. теңге бөлінді. Біз оған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, буклеттер жасап тараттық».

Жылыту маусымына дайындық тек төтеншеліктерге ғана қатысты емес. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына жауаптылар да қазір қызу іске кіріскен. Еліміздің Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында маусымға дайындық туралы айтты.

«Қысқа сақадай саймыз» деген министрдің орынбасары энергия өндіретін кәсіпорындардың қарызын жасыра алмады. Айтуынша, мекемелердің «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына берешегі бүгінде 6 млрд. теңгеден асқан.

Сұңғат Есімханов ҚР Энергетика вице-министрі: «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «Жайықжылуэнерго» АҚ, «Өзен жылу» МКК, «Ақтөбе ЖЭС», «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК сынды мекемелердің «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы алдындағы жалпы борышы бүгінгі күні 6,6 млрд. теңгені құрап отыр».

Айта кетейік, елімізде алдағы уақытта газотехникалық инспекция құрылуы мүмкін. Елімізде газдан улану оқиғаларының жыл санап артуы осынау өкілетті органды құруға себеп болып отыр. Алайда төтеншеліктер тарапынан соңғы жылдары жиі көтеріліп келе жатқан бұл бастама әлі күнге дейін созбалаңға салынып келеді.

Мақпал Рысбаева