ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы «Қалалық қан орталығы» МКҚК-да «Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла!» атты қайырымдылық акциясы өтті.

Тұрақты қан алдыру, тапсыру Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүндеті. Әбу Хурайра (Оған Алланың  сәлемі болсын)  жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с) былай деген:«Жәбірәйіл (Оған Алланың игілігі болсын)  маған қан алу – адамдарды емдеудің ең жақсы әдісі екенін хабарлады». және «Ақиқатында, қан алу – сауықтырады» (Имам Бухари, Имам Муслим).

Жалпы, 18 жастан асқан, денсаулығы дұрыс, қайырымды, ең бастысы, адам өмірін сақтап қалуға көмегін беруге дайын кез келген азамат донор ретінде қан тапсырып, дәрігерлерден кеңес ала алады. Қан құю арқылы ғана өмірді сақтап қалуға болатын ауру түрі өте көп. Бұған гемофилия, қан аздығы, бауыр қатерлі ісігі пен күйік алу т.б. дерттерді қосуға болады. Аяқасты апат жағдайында немесе күрделі операция кезінде донор қанын құю қажеттілігі де жиі кездеседі. Әсіресе, донор қаны босанған ананың өмірін сақтап қалуға өте жиі қажет.

Айта кету керек, аталмыш акцияға Шымкент қаласындағы 105 мешіт имамдары, қалалық Зекет қоры, Жастар ісі секторы, мешіт жамағатары т,б, жалпы 300-дан астам азамат қатысты.