Отырар АПБ-не Әкімшілік полиция қызметкерінен белгісіз біреулер ауылдардың бірінде жайылып жүрген аңдарды заңсыз аулап жүргені жөнінде хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына шыққан Отырар АПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 4 браконьерді ұстайды. Олар Кентау және Отырар ауданының тұрғындары болып шықты.

Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер «Ваз» автокөлігінде қару көмегімен жабайы қояндарды заңсыз аулаған. Полицейлер айғақты зат ретінде ұсталғандардың көлігінен 4 қоянның етін, оқтары бар 2 аңшы мылтықтары, қорамсақ (патронташ), жарықтандырғыш тауып, тәркілеп алады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктілердің бұдан басқа осындай істерге қатыстылығын тексеруде.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аң аулау» бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Бұл баптағы санкцияда 160 АЕК дейін айыппұл түрінде немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған.