Заңсыз жыңғыл шауып, қоян атқан күдіктілер ұсталды

676

Отырар АПБ-не қарасты аймақтарда арнайы жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде Түркістан облысы Полиция департаменті Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары мен «Охотзоопром» МӨК инспекторлары бірлесіп, заңсыз аңшылық пен тыйым салынған өсімдіктерді жұлған күдіктілерді ұстады.

Мәселен, Түркістан облысының полицейлері жергілікті екі тұрғынды заңсыз жыңғыл шауып, көліктеріне артып жатқан жерінен ұстады. Алдын ала тексеру барысында күдіктілердің шабуға тыйым салынған жыңғылды үйлеріне отын ретінде қолдану үшін жинағаны анықталды. Заңсыз, рұқсатсыз шабылған жыңғылдың жалпы көлемі 2 текше метрден асады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 340-бабы «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бойынша тіркелді. Одан бөлек, рейд барысында өздерінің жеке көліктерімен келіп, жарықтандырғыш құрылғысын қолдану арқылы заңсыз қоян атып жүрген күдіктілерде ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында ішінен 4 дана қоянның денесі мен 12 калибрлі аңшы мылтығы оқтарымен және жарықтандырғыш құрылғысы тәркіленіп алынды. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда 2 іс бойынша күдіктілердің мемлекетке келтірілген материалдық шығындары есептелуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осылайша, Түркістан облысы полицейлері браконьерлікті, биологиялық ресурс обьектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және табиғатты қорғау заңнамасы, заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаш кесудің жолын кесуге бағытталған рейд барысында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, тұрғындарға табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау керектігі, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да, заңсыз аң аулаушылар мен өсімдіктерді жоюшылармен күрес жұмыстары күшейтілмек.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі