Көшбасшы партия өз ұстанымдарын нығайта түсті. Қоғамдағы түйіткілдер: парақорлық, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін нұротандықтар қоғамдық қабылдау жиі ұйымдастырып, тұрғындардың көтерген мәселелерін шешпек.
«НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесінің көшпелі қабылдауы Әл Фараби ауданы әкімдігінің ғимаратында өтті.
Құрамында қалалық мәслихат депутаттары, заңгерлер, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері , қоғам белсенділері бар кеңестің екінші қабылдауына бір сағаттың ішінде бір-ақ адам келді. Қаладағы мектептердің бірінде қызмет ететін мұғалима баспанаға мұқтаж екенін кеңес мүшелеріне жеткізіп, көмек сұрады.
Күйеуі мүгедек, балаларымен жатақханада тұратын ана партия өкілдерінің қол ұшын созатынынан үмітті.
Арызданушының мәселесі бойынша мамандар тұрғын үй инспекциясымен хабарласып, нақты жауабын беретін болды. Қоғамдық кеңестегілер келесі қабылдауларды тұрғындардың тұрақты мекен жайы бойынша тұрғын алаптары мен шағынаудандарда өткізуді ұйғарды.
Өмір Шыныбекұлы ,»НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Адамдар сенбейді ме, әлде… Бірақ үйде отырып талқылағанша мәселені осындай жерде көтеру қажет».
Қазан айының ортасында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға бірі тұрғын үй мәселесіне қатысты көптен бері шешімін таппай жүрген арыздарын арқалай келсе, енді бірі жәрдемақы жайын баяндаған екен.
Сот шешімі талай жылдан бері орындалмай әуре-сарсаңға түскен азаматтар да кеңес мүшелерінің көмегіне жүгінген болатын. Енді тұрғындардың мәселесімен жақыннан танысу мақсатында көшпелі кеңес қаладағы 4 ауданда да ұйымдастырылатын болады.
Шынар Оразова