Өмірге ұмтылған 6 жасар қыздан «сабақ» алдым

251

«Тағдыр» айдарының келесі кейіпкері өмірде қандай қиыншылық болса да мойымау керектігін айтады. Біздің кезекті кейіпкеріміз өміріне бірінен соң бірі келген қиын сәттермен қалай күрескенін жазған. Арасында төзімі таусылып сынған сәттері де болыпты. Дегенмен өмірдің және денсаулықтың өзіне берілген ең керемет сый екенін түсіне білген ол, басқалар да бұл дүниенің қадіріне жете білсе екен дейді.

«Сәлеметсіздер ме? Мен бұл хатты жазу жазбауымды көп ойландым. Бірақ соңында жазамын деп шешем қабылдадым. Байқасам «Тағдыр» айдарына хат жолдайтындардың көбі өмір жолында кездескен қиыншылықтарға төтеп беріп, оны қалай жеңгенін айтқан жандар. Арасында кедергілерден қалай өту керектігін арнайы мамандардан сұрайтындары да бар. Хат жолдаған кейіпкерлердің өмірін түсіну үшін оның тағдырын басыңнан өткізу керек шығар», деп бастапты кейіпкеріміз редакцияға жолдаған хатын.
– Мен бір үйдің тұңғышымын. Екі егіз інім бар. 16 жасымда ата-анамыз жол апатынан қайтыс болды. Ата-анамыз өмірден озған кезде інілерім 8 жаста еді. Бақытты отбасының шаңырағы шайқалып, бір сәтте үшеуіміз жетім қалдық. Басында әке-шешеміздің өмірден өткеніне сене алмай есеңгіреп жүрдім. Олар жәй ғана алыс сапарға кеткен сияқты сезілетін, маған. Сапардан оралатындарына сенімді болдым. Алыс-жақындағы туған-туыстарымыздың барлығы жиналып бір апта у-шумен өте шықты. Ал, біздің қорғансыз қалғанымыз жиналған жұрттың тарқаған сәтінде сезілді.
Осы кезден бастап, мен жалғыздықты сезіндім. Езілдім. Егілдім. Еңсемді көтере алмай қалдым. Өксігімді баса алмай, өзегімді өртеген өкініштен жанымды қоярға жер таппай аласұрдым. Ешкімді жаныма жолатқан жоқпын. Ешкімнің мені келіп жұбатуына мүмкіндік те бермедім. «Жылап алсын» деді ме, әкемнің қарындастары да жұбатуға тарыспады. Осы кезге дейін әрбір жеткіншек қыздар сияқты киім мен тағамды ойлап жүрген мен өзімді бір сәтте 30 жасқа қартайып кеткендей сезіндім. Өйткені ойымды, санамды «екі інімді қалай өсіремін?» деген сауал жаулап алған еді.
Әкемнің қарындастары әпкелерім бізге бас-көз болатындарын жеткізді. Әйтсе де, мен ең басты жауапкершілік өз мойнымда екенін түсіндім.
Әкемнің қарындастарының өз отбасылары, бала-шағалары бар. Біреуінің күйеуі маскүнем еді. Өз мәселесі өз отбасынан артылмайтын. Сонда да бізден хабар алып, шама-шарпы келгенше көмектесіп тұратын. Ал, екінші қарындасы бізбен іргелес тұрады. Әкем екі қарындасымен ата-анасынан ерте жетім қалған. Олардың тағдырын кейін біз қайталадық. Нағашы ата-әжеміз де қайтыс болған. Анамның тек бір ғана інісі бар. Нағашы ағамның әйелі жақсы адам болмағандықтан, ол кісіні сынамайтын да едік.
Менің жалғыздығым, өзімнің де бала екендігім інілерім ауырып қалған сәтте байқалатын. Туысқандар болса да ата-анаңдай қайдан болсын? Солай ғой? Алғашында олар сырқаттанғанда қосылып бірге жылайтын едім. Не істейтінімді білмей, абдырап, «інілерімнен де айрылып қалсам не болады?» деген қорқыныш жанымды жегідей жейтін. Оқудан да көп қалатынмын. Сабақ үлгерімім тіпті нашарлап кетті.
Осындай кезде бауырларымды «балалар үйіне өткізсем бе?» деген жаман ой да келетін. Әсіресе інілерім ауырғанда. Алайда оған әпкелерім рұқсат етпеді. Барлық қиыншылықты бірге жеңетінімізді, басымызға түскен сынақтан сүрінбей өту арқылы өмірлік тәжірибе алатынымды айтып, мені жұбататын.
Дегенмен мен физикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да шаршайтынмын. Інілерім ата-анамызды іздеп жылағанда, оларға жеткілікті қамқорлық бере алмаған сәттерде екеуін екі қолыма жетектеп, өмірден баз кешіп кететін кездер көп болды. Сондай ақымақ ой ойлаған кезде әке-шешемді түсімде көретін едім.
Осындай арам ойлардың жетегінде жүргенде небәрі алты жасар қыздың сөзі менің есімді жинап, өмірдің құндылығын бағалауыма себепкер болды. Әпкеміздің үйінде жүргенбіз. Қонақ күтетін болды. Достары жүдеу тартқан, өте арық кішкентай қызды алып келді. Жасы алтыда екен. Бірақ білмейтін адамға 4 жасар сияқты көрінеді.
Асханада шамалы демалып басымды ұстап ойланып кетсем керек. «Бас ауруы олай ұстағаннан жазалмайды, одан да дәрі іш» деген сөзге есімді жинадым. Мойнымды бұрып қарасам сол алты жасар қыз тұр қасымда. «Сен өзің кішкентай болсаң да жақсы сөйлей алады екенсің ғой» дедім. Ол жасының алтыда екенін айтты. Әңгімесі үлкен адам сияқты. Тіпті, менен ақылды дерсіз. Сол қыздың бір ауыз сөзі өмірдің қадірін түсінуіме жетті.
«Анам маған ауырып қалдың, ұзақ уақыт емделеміз. Ол үшін күш керек, төзім керек, жаман ауруды бойымыздан шығарып салу үшін сол ауруды жеңгенше соғысуымыз керек деді, мен соғысып келем, сен де соғыс басыңның ауырғанымен. Егер, ащы болса да дәрі ішіп, ауырса да укол қабылдасаң сен батыр боласың» деді.
Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Осы сөздің бәрін маған алты жасар қыздың айтып тұрғанына сене алмадым. Көзімнен еріксіз жас парлады. Оны құшақтадым. Маған ой салған сөздеріне алғыс айттым, жаратқаннан кішкентай ғұмырдың қыршыннан қиылмауын тіледім. Көздері жанып тұр. Маған күле қарап сөйлейді. Түнде екі інімді құшақтап дендерінің сау болғанына шүкір дедім. Осыдан кейін мен оқуды бірнеше жылдан кейін жалғастырам деп ойладым. Әпкемнің қасына базарға шықтым. Саудаға шыққан соң оқу жайында қалды. Бір сүрініп, бір тұрып жүріп саудагер болып шықтым. Екі інімді де оқыттым. Өзім отбасын құрдым. Ниетіме жақсы адам жолықты. Інілерімді өз бауырларындай қабылдады. Бәріміз бірге тұрдық. Қазір бір інім өз алдына отау құрып, үйлі болды. Өзімнің екі балам бар. Бақыттымын. Әр кез мұңайған сәтте, саудада жолым болмағанда сол алты жасар қыздың сөзін есіме аламын. Өкініштісі ол өмірден өтті. Бірақ соңына дейін өзі айтпақшы ауруымен соғысты.
Кейде біз «тек үлкендер ғана дұрыс айтады, оларды тыңдау керек. Балалар не біледі дейсің?» деген оймен өмір сүреміз. Бірақ кей сәтте үлкеннен көрі кішкентай ғана баланың сөзі өтімдірек болады екен. Оның бір дәлелі маған денсаулықтың маңызды екендігін үйреткен кішкентай қыз.
Сондықтан, адамдар! Ең бірінші байлық денсаулық керек екен. Денің сау болса, кез келген қиындықты жеңіп шығуға әбден болады. Қиындыққа мойымай, онымене соғысуды үйреніңіз! Және жеңетініңізге сенімді болыңыз. Ең болмағанда, кейін «мен неге тағдырға төтеп бермедім, неге тырыспадым?» деген өкініш болмайды.

Жазып алған – Ж. Хумар

«Оүстік Рабат», №37, 11 қыркүйек 2019 ж