«Ажырасудың себебі – ашық сөйлеспеу»

358

«Әйелдер әлемі» айдарының келесі кейіпкері Эльмира Тұрымқызы. Инстаграмға тіркелгеніне жарты жыл ғана болса да 100 мыңнан астап фоллоуерін жинап үлгерген келіннің оқырмандары өте белсенді. Себебі ол – қоғамдағы өзекті мәселеге айналған жас отбасылардың ажырасуы жөнінде және ене мен келін арасындағы қарым-қатынас турасында жазба қалдырады. Мамандығы психолог болғандықтан көмекке зәру нәзік жанды аруларға тегін ақыл-кеңесін ұсынады. Оның кеңесіне құлақ түріп, отбасын сақтап қалғандар қаншама. Ендеше Эльмира келін кім? Оның инстаграмға келу жолы мен басты бағыты қандай? Тақырыпқа қатысты көп сауалға кейіпкеріміздің өзі жауап берді.

Эльмира Тұрымқызы 32 жаста. Шымкент қаласының келіні. Көпке үлгі болар отбасының іргесін бекем ұстап отырған асыл жар. Үш балапанның аяулы анасы. Оны көп қыз-келіншектердің тыңдауына себеп қандай? Оның басқа инста келіндерден айырмашылығы не? Бұл жайлы өзінен сұрап білдік.

Истаграмға келгеніме жыл да болмады. Мен де көп аналар сияқты бала тәрбиесімен үйде отырған анамын. Әлеуметтік желінің бізге ұсынған мүмкіндігін дұрыс пайдаланғым келді. Ойлана келе мамандығым бойынша қыз-келіншектерге отбасында әйел адамның қандай болуы керектігі жайлы психологиялық кеңес жаза бастадым. Мен ондай кеңеске зәру жандарды мұшалықты көп деп ойлаған жоқпын. Әсіресе оңтүстік өңірінің қыз-келіншектерінің көбінде отбасылық мәселелер жиі болып тұрады екен. Оған шыдамай ажырасып кеткендері қаншама. Осыдан келіп, жетім бала, жесір аналар көбейген. Жалпы біз жан-жағымызға мән беріп қарамайды да екенбіз. Шын мәнісінде жақындарының бір ауыз жылы сөзіне зәру адамдар көп. Әсіресе әйелдер. Біз әйелдер қауымы тыңдап жақсы көреміз. Жылы сөзге соншалықты мұқтажбыз. Бізге күйеуіміз және жақын жандардың тарапынан жылы сөз болса, соған-ақ марқайып жүреміз. Өкінішке қарай, осы бір ауыз сөзге мұқтаж қыз-келіншектердің көптігі мені таң қалдырды. Олардың баршылық екенін білетін едім. Дәл осыншалықты көп екендігін білмеппін. Инстаграмға тіркеліп, психологиялық кеңесімді қалай жаза бастадым, солай менің жазылушыларымның саны сағат санап артты. Олардың 98 пайызы нәзік жанды арулар. Бәрінің дерті ұқсас. Дәл қазіргі кезде ондай бақытсыз жандардың көбеюі мені таң қалдырды.

Психолог маманнан қыз-келіншектердің бақытсыз болуына басты себептерді де сұрадық. Айтуынша, оның жекесіне шығып хат қалдыратындардың басым бөлігі енесімен келіспегендіктен отбасының шырқы бұзылғандар екен.

Қазір қоғамда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас өзекті мәселеге айналған дейді ғой. Мен бұл тақырыптың өзекті болғанда да өте өзекті екендігін білмеппін. Өзім енеммен жақсы тіл табысатындықтан, ол мәселеге қатты мән бермеген екенмін. Бірақ өкінштісі сол маған хат жолдаған оқырмандарымның бесеуінің үшеуі енесін жек көретіндегін айтады. Егер ол болмаса, күйеуімен әлдеқашан бақытты өмір сүріп, жақсы болып кететіндігін жеткізіп жазады. Тағы бір өкініштісі келіндердің көбі кінаны өзінен іздемейді. «Ене» деген келіндердің санасында адам емес «құбыжық» кейпіне айналған. Бақытсыздығының бір ғана себебі енесі екендігін көрсететіндер өте көп. Бұл жағдай мені ойландырып қойды. Сондықтан, мен енені сыйлау керектігін білдіретін жазбаларды жиі жаза бастадым. Біздің нәзік жанды аруларымыз бір сәт болсын өзінің бойында қандай мін бар екендігіне мән беру керек. Ол өзі жақтырмай отырған адамның баласына үйленді. Қатты жақсы көрген күйеуін сол өзі жақтырмай отырған енесі өмірге әкелгенін естен шығармау керек. Келіні тарапынан сыйластық, құрмет көрсету болмаса, ол адам қайдан жақсы болсын. Өзің жылулық танытпайсың да, енеңнің саған жылы қабақ танытуын талап етесің. Бұл деген әділетсіздік қой. Осы тұста мен келіндерімізге енеге деген құрмет ең әуелі өздері тарапынан болу керектегін айтамын. Егер, ол асты-үстіне түсіп, күтімін жасап, қабағына қарап тұрса да мін іздеп отыратын ене болса, ол сол адамның санасының төмендегін білдіреді.

Келіндерге отбасын сақтап қалу жөнінде кеңес беретін Эльмираның жазбаларынан сабақ алып, енесімен ара-қатынасын жақсартып және шырқы бұзылғалы тұрған отбасын сақтап қалуға ат салысқан келіндер болды ма? Инста келін бұл сауалымызға да жауап берді.

Әрине, болды. Шүкір біздің қазақтың келіндерінің ішінде айтқанды түсініп, өзінің қателігін дұрыстай білетін көргенді де тәрбиелі келіндеріміз бар ғой. Өйткені, жекеме шығып ақыл-кеңес сұраған сәтте менің кеңесім арқылы енесінің көңілін тапқандары біршама. Бұл мені ерекше қуантты. Маған алғыс толы хат жазып, «бір сәттік ашуға беріліп отбасымның іргесін күйретіп алмауыма себепкер болғаныңыз үшін рахмет» деп рахметін жаудырған келіндердің хатын оқыған кезде көңілім босап, көзіме жас аламын. Өйткені, мен де біреудің отбасын сақтап қалуына әсер етіп отырмын. Мен бір әйелдің күйеусіз бір баланың әкесіз қалмауына әсер еткеніме қуанам.

Психолог маманнан ене мен келін қарым-қатынасынан бөлек қыз-келіншектерді тағы қандай жағдайлардың мазалайтынын сұрадық.

Ер мен әйел арасындағы түсініспеушілік жағдайы да көп кездеседі. Олардың бір-бірін дұрыс түсінбеуінің басты себебі ерлі-зайыптылардың бір-бірімен ашық сөйлеспеуі деп айтар едім. Біздің қазақ қоғамында осы жағдай әлі бар. Екі адамның ашық, шынайы сөйлесе алмай түсінісе алмауы әлі бар. Осы дұрыс түсіністіктің болмауынан көптеген отбасының шырқы бұзылады. Мысалы көптеген отағасы қарапайым ғана қайда барып келгенін әйелене айтпайды. Оны айтса, әйелі алдында есеп бергендей сезініп, өзін қор санайды. Міне, көп еркектердің бойынан кездесетін осындай топас түсінік бар. Өкініштісі, мұндай түсінік әсіресе оңтүстік өңірінің еркетерінде көптеп кездеседі. Әйел адам деген үйде ғана бала-шағаның тәрибесімен айналысып отыру керек. Әйелі басқан қадамына есеп беру керек те еркегі не істесе де өзі біледі. Мұндай жағдайлардың барлығы әйел адамның ішінде үлкен бір күйзелістің пайда болуына алып келеді. Уақыт өте келе әйелдердің мінезі өзгереді. Ал оның қиналысының, өзгерісінің себебін ашық сұрап, сөйлесетін күйеуі емес. Осындай себептермен отбасының шаңырағы шайқалады. Екі ортада болатын жағдайдың бәрі тек балаға болады. Ажырасу да осы ашық сөйлесе білмеудің кесірінен көбейеді. Толық отбасында өспегендіктен, ата-ананың қамқорлығынан шет қалғандықтан бұзық балалар да көбейеді. Міне, ашық сөйлеспеудің кесірі қалай? Сол себепті де мен ері мен әйелінің кез келген тақырыпта ашық сөйлесе білуінің пайдасы жайлы жазбаларымды да жазып жүрмін. Мұның да пайдасын көрген оқырмандарым көп алғысын жаудырып, батасын беруде. Мұндай жағдай маған тек жағымды болады. Әрбір отбасы сақталып қалуына себепкер болған сайын құлшынысым артып, өзімді қоғамға керек адам ретінде сезінемін.

Эльмира Тұрымқызы уақыт өте келе келіншектерге берген кеңесіне ақы сұрай ма? Әлде тегін кеңесберуді жалғастыра ма? Бұл жайлы да сұрадық.

Парақшамды ашып бастағаннан нәзік жандылармен бөліскен кеңесім үшін ақы талап етпедім. Етпеймін де. Өйткені мен қаржыны жарнамадан-ақ тауып отырмын. Әрбір әлеуметтік желі қолданушылардың қоғамға тигізер пайдасы болу керек. Менің пайдам да осы өзіміз сияқты қыз-келіншектерге тисін. Мен ол үшін тек қуаныштымын. Менің себепкер болуыммен әрбір отбасы өз бақытын сақтап қалған сайын менің құлшынысым арта түседі. Қазір қазақ тілді психологтар өте аз. Қазақ тілінде кеңес жазатындар жоқтың қасы. Әсіресе біздің өңірімізде. Бүгінгі таңда психолог мамандығында 3-курс студентімін. Бұл менің екінші мамандығым. Оқырмандарымының көптігінің тағы бір себебі де осы ана тілімізде жазуымда шығар деп тойлаймын. Мен тоқтамаймын. Өйткені, отбасым тарапынан да тек қолдау бар. Енем мен күйеуім үнемі қолдап, дұрыс емес жерде ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. Мен қазір «Ененің түрлер», «Тұрмыс құмаған қыздарға кеңес», «Анаңызбен сырласасыз ба?» деген сияқты тақырыптарда түрлі кеңестерімді беріп, жазба қалдырамын. Алдағы уақытта да мен қыздардың дертін тыңдап оларға көмектесуді жалғастырамын.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №38, 18 қыркүйек 2019 ж