«Бұрынғы күйеуімнің ұрып-соққаны түсіме енеді»

170

Редакциямызға хабарласқан оқырманымыз өзінің екіұдай күйде жүргенін айтады. Баяндағандай, балаларының әкесі 2 жыл бұрын кешірілмейтін әрекетке барыпты. Бір қалада тұрғанымен тіпті балаларын да іздеп келмейтін бұрынғы күйеуінің қылығын кейіпкеріміз еш түсіне алмайды. Сондықтан да газетіміздің «Психолог бұрышы» айдарынан хат жазып кеңес алмақ.

– Атым – Айнагүл. Жасым 32-де. Күйеуіммен төрт жыл отастым. Екі баланың анасымын. Білім саласында қызмет етемін. «Оңтүстік Рабат» газетінің әрбір санын қалдырмай оқимын. Тағдыр айдарында түрлі хикаяны жазып, «Психолог бұрышы» айдарымен психолог пікірін бересіздер. Мен де психолог маманның көмегіне мұқтажбын.
Үйдің үлкені болдым, сондықтан да ата-анама көмекші болып өстім. Ата-анам базарға кеткен кезде үйдегі екі сіңлім мен ініме қарап қалатын едім. Өзім бала бола тұрып, балаларға қарадым. Бәрі ата-анам үшін еді. Қазір ойласам өте ақылды бала болыппын.
Мұны неге жазып отырмын? Оң-солымды толық танымай жатып, ата-анама жәрдем етіп, өзім қалаған оқу орнына қалаған мамандығыма түсе алмадым.
Әке-шешемнің жанында болуым керек еді.
Оқып жүріп, үйдің жұмысын да қатар істедім. Бауырларыма бас-көз болу, оларды оқуға жіберу, сабағын қадағалау сынды шаруаның барлығы менің мойнымда еді. Ата-анам маған қатты сеніп, алаңсыз саудада жүрді.
Нәтижесінде табыстары артып, қатты байып кетпесек те жағдайымыз әжептәуір жақсарды. Осылай өмір өтіп жатты. Оқуымды аяқтадым. Диплом алдым. Қыз бойжеткенде, құда түсушілер де көбейеді. Маған да құда түсушілер келе бастады. Солардың ішінде тұрмыс жағдайы жақсы бір отбасы бар еді. Анам сол үйге келін боп түскенімді қалады. Өзім қанша қаламасам да, анам сол үйге келін болып барсам, ештеңеден таршылық көрмейтінімді қайталаумен болды. Менің дұрыс шешімім әке-шешемді де бақытты ететінін айтты.
Көп ойланып жатпай, ата-анама ұнаған баламен аз-кем танысып, соған тұрмысқа шықтым. Анам тұрмысына қызыққан отбасы біз ойлағандай болмады. Үйінде қаншама автокөлігі болғанымен де, соның барлығын несиеге ресімдеп алған екен. Менің күйеуімнің екі үлкен ағасы, яғни екі қайынағам да әйел-балаларымен бір шаңырақ астында тұрады екен. Олардың үстіне біз барып қосылдық.
Енді ойлай беріңіз. Бір үйде үш келін бірге тұрамыз. Ұрыс-керіс келін көп жерде болады ғой. Мен содан қорықтым. Қорқынышым негізсіз болып шықты. Екі абысыным да сол үйдің басыбайлы құлы сияқты екен.
Үні шықпайтын кісілер. Енесі мен күйеуі не айтады, соны орындайды. Олардың рұқсатынсыз ешқандай шешім қабылдай алмайды. Мен мұны көріп, аң-таң болдым.
Мұндайды күтпедім. Анамның айтқанын орындап, қарсылық танытпадым. Бірақ, мен сол үйдің құлына айналғым келмеді. Екі абысыным да жұмыс істемейді. Мен тұрмысқа шыққанға дейін жұмыс істеп жүрдім, тұрмысқа шыққан соң да сол жұмысымды жалғастырдым.
Бір күні енем менің айлық алатын банк картамды сұрады. Айтуынша, карта енемнің қолында тұруы керек екен. Менің керек-жарағымды өздері алып беретінін айтты. Мұны күйеуіме айтқан едім, ол «солай болуы керек» деді. Ал мен мән бермедім, өйткені менің айлығым – менің еңбегім. Оны өзіме және отбасымның қажетіне жұмсаймын деп ойладым.
Банк картамды бермедім, содан арамыздағы алғашқы түсініспеушілік басталды. Үш айдан кейін, енем ақыры банк картамды өзіне алды. Балалы болғаннан кейін сәбидің жөргекпұлын енем алды. Қолымызға бір тиын ұстатпады. Баланың қажеті бар, басқасы бар, ешнәрсе жетпейді. Оларды бұл қызықтырмайды. Айына 20 мың теңге беріп, соны жеткізуімді тапсырады.
«Тамағың тегін, жатынорның тегін, саған ақша не керек?» деп сөйлейті. Жеке басыма қажет, басқа да қажет заттарым болады. Соны ойламайды.
Өзіме қажет ақшаны анамнан алып тұрдым. Уақыт өте күйеуім қол жұмсауды шығарды. Бір күні қолым сынып, үйіме, яғни өз әке-шешеме бардым. Енді қайтып ол үйге бармайтынымды айтып, баламмен бірге келдім. Сол кезде екіншіме аяғым ауыр екенін білдім. Анам бала үшін күйеуіме тағы бір мүмкіндік беруімді сұрады. Барғым келмесе де амалсыз кері қайттым. Өйткені ата-анам да сол үйге баруымды сөзбен айта алмаса да іштей қатты қалайтындарын сездім. Өзімді туған үйімде керексіз сезініп, кері қайттым.
Ол үйге барғанымда «ит болып кеттің де, ит болып келдің бе?» деген сөзбен қарсы алды. Содан өзімді онсыз да адам қатарына қоспайтын үйде өмір сүруім тіпті қиындады.
5 күннен кейін кіші сіңліме sms жазып, мұнда шыдай алмайтынымды айттым. Егер маған бір жағдай болса, балаларыма көз қырын салып жүруді өтіндім.
Сіңлім зар илеп, бір күн шыдауымды сұрады. Ертеңіне әкем келіп: күйеуім мен енемнен «саған әйел керек пе, саған келін керек пе?» деп сұрады. Сол сәтте екеуінің де үні шықпады. Әкем «сендерге керек болмаса, маған қыз керек» деді де мені алып кетті.
Үйге келген соң ата-анама ол үйде қандай күн кешкенімді, қалай өмір сүргенімді, барлығын айтып бердім. Соған дейін айтпай, жасырып келген едім. Әкем мен анам көз жастарына ерік беріп, менен кешірім сұрады. Әкем іштегі баламның кінәсіз екенін айтып, оны аман-есен дүниеге алып келуімді өтінді. Мен келістім.
«Кішкентайыңнан бізге қамқор болдың, енді кезек бізде» деген әкем маған көпқабатты үйден екі бөлмелі пәтер алып берді. Қажет нәрсенің барлығын әперді. Қазір екі баламды балабақшаға беріп, өзім жұмыс істеп жүрмін.
Қазір балаларымның әкесі кешірім сұрап жүр. Мен оның бетіне қарағым келмейді. Оған балалары керек болып қалыпты. Аптасына бір рет келіп, балаларын көріп, қыдыртады.
Әкесі екені енді есіне түсіпті. Беті бүлк етпей, «қайта қосылайық» деп қоймайды. Менің ол адамнан мүлдем көңілім қалған. Әке-шешемнің арқасында адам болдым.
Арқасүйері жоқ қаншама әйел қиын тұрмысқа төзіп өмір сүріп жатқанын ойлаймын. Қазір балаларым әкелерін танып қалды. Оны жақсы көреді. Келетін күнін асыға күтеді. Туысқандарым балаға әке керек екенін, оған бір мүмкіндік беруімді де айтады. Бірақ менің көңілім қалған. Оны кешірсем, де бұрынғы ісін қайталамайтынына кім кепіл?
Егер менің үй-жайым болмаса, жұмыс істеп өзімді қамтамасыз етпегенімде, мүмкін келмес пе еді? Кім білсін? «Сенің үйіңде бірге тұра берейік. Бастысы мені қабылдасаң болғаны» дейді. Бұл сөзіне қарап, «менің үйім үшін келді ме» деп те ойлаймын.
Қысқасы, қазір ойланып жүрмін. Оның бұрынғы істегені есіме түссе, жынданып кете жаздаймын. Аямай ұрып-соғып, соққыға жыққан сәттері түсіме енеді.
Ал балаларым әкелерін қатты жақсы көреді. Туысқандарымның «балаға қандай болса да әке керек» деген сөзі де ойландырып қояды.

Не істесем екен?! Психолог маманның кеңесіне мұқтажбын»

Біз Айнагүлдің хикаясын «Психолог бұрышы» айдарына пікір беретін психологтарымызға жолдадық. Жауабы газетіміздің алдағы №44 санында жарық көреді.

Жазып алған — Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №43, 23 қазан 2019 жыл