Үйсіз әке: «Қыздарым тұрмыста, ата-енесімен тұрады»

269

Ауа райы күрт суытқалы қаладағы әлеуметтік бейімдеу орталығына келушілер саны артты. Бүгінде аталған мекемені үй-жайы жоқ 142 азамат паналап отыр. Оның 23-і егде жастағы зейнеткерлер болса, 15-і әртүрлі топтағы мүгедектер.

«Менің қыздарым бар. Бірақ олар тұрмыста, ата-енелерімен тұрады. Егер, олар бөлек тұрса, барар ма едім бәлкім…»,- дейді әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны.

Абдуғаппар Ташимов бүгінде өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрады. Уақытында ұстаздық еткен азамат қазір осы мекемеде 3 жылдан бері күнелтіп келеді. Ол қыздарымен, құдаларымен аптасына бірер рет жолығып тұратынын айтады. Сонымен қатар, мекемедегі қызметкерлердің де өзіне жақсы қарайтынын жеткізді.

«Осындай үйдің болғанына рақмет айтамын. Мұнда бәрі жақсы, уақытылы тамақ бар, аптасына 1 рет моншаға түсіреді. 3 мезгіл дымқыл тазалау жүргізіледі. Жеке қажеттіліктерімізді де беріп тұрады. Жалпы жағдайымыз жақсы»,– дейді әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны Абдуғаппар Ташимов.

Шымкенттегі аталған бейімдеу орталығында бүгінде 142 азамат уақытша жатып қызмет алады. Оның 101-і ер азамат болса, 41-ін әйелдер құрайды. Қызмет алушылар арасында 8 азамат бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация есебінде тұратындар. Солардың бірі – Светлана Баймұратова.

«Мен 2013 жылдан бері №78 мекемеде жазамды өтедім. Ол жерде асханада аспазшы болып жұмыс істедім. Тәртібіммен, мінез-құлқыма байланысты, уақытымнан бұрын  шықтым. Содан кейін осы мекемеге келдім. Алдымда әлі 5 ай бар, сосын осы жерге келдім»,- әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны Светлана Баймұратова.

Орталықта сондай ақ, кәмелетке толған белгілі тұрақты жері, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азматтар тұрады. Ауа райының күрт суытуына байланысты мұнда келушілер саны артқан. Дегенмен, биылғы көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген дейді жауаптылар.

«Суықтан кейін, осы 2-3 күн арасында ұлғаю бар. Медицина қызметкерлерінен, Ішкі істер бөлімдері суыққа байланысты көшеде қалып кеткендерді бізге жеткізеді. Біз оларды қабылдаймыз. Оларға бұйрық бойынша 7 түрлі әлеуметтік көмек көрсетеміз»,- деді  «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ директорының орынбасары Нұржан Төлегенов.

Айта кетсек, мекемеде қызмет алушылардың 23-і егде жастағы зейнеткерлер болса, 15-і әртүрлі топтағы мүгедектер. Ал ондағы еңбекке жарамды 20 азамат бүгінде жұмыспен қамтылған.