Биыл Түркістанды тамашалауға 1,5 миллионға жуық турист келген

155

«Биыл Түркістанды тамашалауға 1 жарым миллионға жуық турист келді. Бұл мәліметті өңірдегі тарихи нысандарға сатылған билеттердің негізінде айтып отырмын», — деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев. Көне қалада туризм бірнеше бағытта дамуы тиіс. Жергілікті билік өкілдері саланың тарихи және археологиялық бағыттарына басымдық беріп отыр.

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаланың құрылыс нысандарын аралауды алдымен салынып жатқан әкімшілік-іскерлік нысаннан бастады. Құрылысы 2019 жылға дейін жоспарланған ғимараттан соң Нұр-Сұлтан алаңы мен Медиа орталыққа бет бұрды. Алматы қалысының тапсырысымен салынып жатқан бұл нысан құрылысы 3 мың шаршы метрді алып жатыр.

Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында Қостанай облысының тапсырмасымен «Неке сарайы» да салынуда. Бұдан бөлек, облыс әкімі Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Онда 12 көпқабатты 36 тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда. Жалпы ауданы 207,3 мың шаршы метр болатын 1980 пәтерлі тұрғын үй салынады.

Түркістан қаласында тағы Музыкалық мектеп, Халыққа қызмет көрсету орталығы және Олимпиадалық резервтерге арналған спорт мектебінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Назерке Үкібасова