Англияның Мэн аралында Grand Swiss Халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл FIDE турнирлерінің ең ірі жарыстарының бірі – 11 турға созылатын ұзын қашықтықты жарыс болып табылады.

Турнирге әлемнің 40-тан астам елінен 150 мықты шахматшы қатысты. Турнирдің деңгейін әлемдік деңгейдегі Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Левон Аронян және басқалар шахматшылардың қатысуынан-ақ білуге болады. Қатысушылардың орташа рейтингі 2605-ті құрады.

Турнирде қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова сәтті өнер көрсетті. Әйелдер арасында ол үнді спортшысы Харика Дронаваллимен 1-2-ші орынды бөлісті.
– Бұл өзімді көрсетуге тамаша мүмкіндік болды! – дейді Динара. – күн сайын мықты ойыншылармен ойнайсың. Бар күшімді салдым – дегенмен зор қашықтық қой. Менің барлық қарсыластарым әлемдік шахмат элитасы – «алтыжүздіктер» тобындағы гроссмейстерлер болды! Бұл құрам мені қорқытқан жоқ, керісінше, өзімді тексеруге ниет тудырды.

Grand Swiss турнирінен кейін Динараның рейтингі 2505 болды! Енді ол әлемнің ең мықты шахматшылары арасында 11-ші орында тұр. Бұл қазақстандық әйелдер шахматы үшін рекорд!