Түлкібас АПБ-не таңғы 7:30-дар шамасында жергілікті тұрғын арызданып, ауласында тұрған көлігінің таңертең жоқ болғандығын және белгісіз біреулердің айдап кетуі мүмкіндігін айтады. Түлкібас АПБ-нің полицейлері арызданған тұрғынның көлігін табу үшін бірден бүкіл жеке құрамға, кезекшілікке хабарлап, жәбірленушімен бірге жолға шығып кетеді. Яғни, ұрланған көлікті тездетіп табу мақсатында Түлкібас АПБ-нің тәжірибелі полицейі полиция майоры Алимжан Каракулов ауданның маңызды жолдарын аралаудан бастайды.

Осылайша қызметтік көлігімен келе жатып, Түлкібас ауданынан 20 шақырым жерден жымқырылған көлікті кездестіреді. Белгілі болғандай шын мәнінде белгісіз тұлға күдіктінің көлігін түнгі уақытта айдап кетіп, арам пиғылын іске асырмақшы болған. Алайда, дер кезінде іздестіру әрекеттеріне көшкен қырағы полицейлердің арқасында күдіктінің қылмыстық ісі әшкере болды.

Жәбірленушінің айтуы бойынша көлікті айдап кеткен күдікті оның көршісі екен. Бүгінгі таңда аталған жайт Түлкібас АПБ қызметкерлерімен тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, күдіктінің не мақсатпен көршісінің көлігін айдап кеткені анықталу үстінде.Тәркіленген автокөлік заңды иесіне қайтарылды.

Автокөлікті айдап кетушілердің құрбанына айналмас үшін, Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне сақтық шараларын қолдануды ескертеді. Өз автокөліктеріңізді есік алдына немесе көше тұрағына қойғанда кілтті оталдыру тетігінде қалдырмаған жөн. Есік пен жүк салғышты үнемі жабық ұстап, көлік ішінде құжат, ақша және басқа да бағалы заттарды қалдырмау керек. Мүмкіндігінше көліктеріңізге сенімді күзет дабылын орнатыңыз.

Егер де сіз, автокөлікті айдап кетушілердің куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда уақыт жоғалтпастан тез арада Түркістан облысы тәртіп сақшыларының «102» сымтетігіне хабарласыңыз.