Шымкент -Худжент халықаралық автобус бағыты ашылды

232

Қазақ-тәжік ынтымақтастығының нығаюы арқасында бүгін екі қаладан да алғашқы рейстер шығады. Олар шекарадан еш кедергісіз өтіп, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп салатын болады. Екі жақты келісімге сай бастапқыда аптасына екі рет, 4 жолаушылар көлігі қатынайды.

Осындан бір жыл бұрын қазақ-өзбек шекарасы ашылып, көрші елге емін-еркін кіруге мүмкіндік алған шымкенттіктер енді шекара асып, Тәжікстанды көре алады. Худженд қаласына тікелей қатынайтын автобусқа билеттер автовокзал кассасында сатылымда. Жолдың ақысын жолаушының қалтасына қонымды еттік дейді автовокзал басшылығы.

Салауат Күмісов, «Саяхат» автовокзалының атқарушы директоры: «Әзірге аптасына екі мәрте қатынайтын болады. Билеттер акция бойынша қалтаға қонымды болып отыр. Бастапқыда 1500 теңгеден. Жолаушылрға ыңғайлы әрі екі елдің халықаралық ынтымақтастығы одан әрі ұлғая түссін деген ниетпен жасалынып отыр».

«Саяхат» автовокзалынан отырған жолаушылар кеденнен кедергісіз өте алады. Бұған дейін таксилетіп шекараға барып, кезек күтіп, құжат рәсімдейтін арғы жағына өткен соң көлік іздеп тағы сабылатын жолаушылар жол азабынан құтылатынына дән риза.
Арыстан Құдайқұлов, жолаушы: «Мен жолаушы ретінде қатты қуанып тұрмын. Шымкент пен Худженд қаласына автобус бағыты ашылды. Көлік те өте ыңғайлы екен. Бағасы да қолайлы».

Ташкенттің солтүстігінде орналасқан Худженд қаласы мен Шымкенттің арасы 380 шақырым. Кедендік рәсімдеуді қоса есептегенде жолға 5 сағатқа жуық уақыт кетеді. Айта кетейік, алғашқы рейс бүгін кешкі 18:00 — де «Саяхат» автовокзалынан жүретін болады.

Мекен-жайы: Володарский көшесі, 1б.

Гүлнұр Әмірәлі