Түркістан облысында полицейлер толғағы қысқан әйелді босандырып алды.

Кентаудағы Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторлары — Нұрбол Темірханұлы мен Бақтыбай Қалабаевқа Жалаңтөс ауылына қарасты «Коммунабаз» мал ауылының тұрғыны кешкі сағат 20:00 шамасында хабарласып, жедел-жәрдемге қоңырау соғып ала алмай жатқанын, әйелінің айы-күні жетіп, толғағы қысып қиналу үстінде екенін айтып көмек сұрайды.

Тұрғынның қоңырауынан кейін полицейлер тез арада жиналып, Үшқайық ауылынан 50 шақырымдай алыста орналасқан ауылға жол тартады. Олар жарты сағат ішінде діттеген жерге жетіп, перзентханаға бара жолда жүкті әйелді аман-есен босандырып алған. Көп ұзамай жедел-жәрдем бригадасы келіп, жаңа туған сәби мен ананы Түркістан қаласындағы перзентханаға жеткізген.

«Баламның өмірге аман-есен туылуы алдымен полицейлердің арқасы. Менің батырым — осы учаскелік полицейдің қызметтік көлігінде дүние есігін ашты. Егер, полицейлер болмағанда айдаладағы мал ауылда әйеліммен балама не боларын кім білсін? Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан полицейлерге үлкен рахмет, үнемі өз байланыс нөмірлерін беріп, көмек керек сәтте хабарласыңдар деуші еді. Шынында басыма іс түскенде, ойыма ең бірінші учаскелік полиция инспекторы келді. Және ол бізге көмек қолын созды. Тәртіп сақшыларына айтар алғысым шексіз!», — дейді жас әке Виталий Барабаш.

Мөлдір Бекеева