Түркістан облысы полицейлері 38 бас ешкі ұрлаған күдіктіні ұстады

238

Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында кешкі сағат 19:00-лер шамасында жайылымда жайылып жүрген 3 тұрғынның 38-бас ешкілерін белгісіз азамат ұрлап кеткендігін көрсеткен.

Жәбірленушінің айтуынша ұрлық 3 күн алдын болған. Кішкентай 5-сынып оқушысы ешкілерді бағып жүріп, ойнап кеткен. Қараусыз қалған ешкілерді күдікті жымқырған. 3 күн бойы өздері ары іздеп, бері іздеп таба алмаған соң барып, түнгі 23:00 шамасында полицейлерге шағым түсірген. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында, осы аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Ғалымжан Бижанов тез арада іске кірісті. Уақыттың түнгі 24:00 болып қалғанына қарамастан, арызданушының үйіне барып, ертіп шығып, ұрлық болған жерді көрсетуін сұрайды. Сондай-ақ, арызданушымен бірге жақын аймақтарды қарап, тексеріп шығып, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде, оқиға орын алған жерден 90 шақырымдай жерде орналасқан мақта зауытында жұмыс істейтін азамат кешкі уақытта бір жігіттің ешкілерді айдап кетіп бара жатқанын көрдім деген жауабынан соң, күдіктінің кім екені анықталып ұсталды. Белгілі болғандай, күдікті ешкілерді айдап әкетіп, ауылдың шетіндегі қараусыз жатқан қораға қамаған.

Содан Шымкенттегі группаласына хабарласып, «ешкілерімді сатайын деп едім, қаладан көлік жалдап келсең»-деп өтініш айтқан. Досына көмектескісі келген азамат Шымкенттен ешкілерді артатын көлік жалдап келген. Күдікті болса ешкілерді артып болған соң, үйіңе апарып қоя бер, жұмыстарым біткесін барамын, сосын сатамыз деп келіскен. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Айғақты зат ретінде күдіктіден жоғалған 38 бас ешкі алынып, заңды иелеріне қайтарылды.

Алайда, аталған «Ұрлық» жайты бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Себебі, арызданушылар арыздарын қайтарып алып, кешірім берген. Өз кезегінде жәбірленушілер ешкілерін тауып берген полицейлерге, әсіресе учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Ғалымжан Бижановқа алғыстарын білдірді. Осы тұста полицейлер тұрғындарға, күдіктілер екінші рет қайталап ұрлық-қарлық жасамауы үшін, заң аясында өз жазасын алуы керек. Ол үшін, арызданушылар өз арыздарын қайтарып алмаса деп кеңес береді.