19 қазан – құтқарушылар күні. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кәсіби мерекесін 24 жылдан бері атап өтеді. Апатты жағдайда адам өмірін сақтап қалатын құтқарушыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мәселен, биыл кәсіби мереке қарсаңында «Абай» саябағында қызметін атқару барысында қаза тапқан аға лейтенант Бахыт Алтынбекұлы Алпысбаевқа, аға сержант Жұлдызбек Тұрарұлы Есеналиевке және аға құтқарушы Жомарт Орынбасарұлы Сәрсенбековке арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Департаменттің 40-қа жуық қызметкері министрліктің және әкімдіктің алғыс хаттарымен марапатталып, медаль алды.
Ал Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағында қызмет ететін 3 кинолог Қызылорда қаласында өткен құтқарушы-иттерді сертификаттау шарасына қатысып, сыннан сүрінбей өтті. Кәсібі қызық кинологтармен осы жеңістерінен кейін әңгімелестік.
ТӨРТ ИТТІҢ ҮШЕУІ ЖАРАМДЫ
Кинология бөлімінің жетекшісі Сергей Зиновьевтің айтуынша, Қызылорда қаласында өткен құтқарушы-иттердің сертификаттау сынағына еліміздің түкпір-түкпіріндегі ТЖД жедел құтқару жасағының кинологтары баулитын 26 қызметтік ит қатысты. Соның үшеуі шымкенттік иттер.
– Сертификаттау қызметтік иттердің іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және дайындық деңгейін анықтау үшін жылына бір рет өткізіледі. Иттер жыл сайын сертификатталады. Биыл жедел құтқару жасағындағы 4 иттің 2-еуі: лабродор «Жасмин» және неміс овчаркасы «Рей» қазан айында Шымкентте өткен семинарға қатысып, сертификатталса, «Рой», «Рей» және «Берта» лақап атты жұмыс иттері Қызылордадағы семинарға қатысты. Бірінші кезеңде иттердің бұйрықты тыңдауы және ептілігі тексерілді. Екінші кезең «Табиғи ортада іздестіру», үшіншісі «Техногендік ортада іздестіру» болатын. Алғашқы екі ит бұл үш сыннан да сүрінбей өтті. 2,5 жасар «Берта» табиғи қажеттілігіне байланысты сертификаттаудан өтпеді,- дейді Сергей Зиновьев.
Айта кетейік, мұндай семинарда иттерге баға қойылмайды. Иттер берілген тапсырманы мүдіртпей орындауы керек. Сонда ғана сертификаттаудан өткен болып саналады. Ал екі рет сертификаттаудан өтпеген ит — жарамсыз саналып, жұмыстан шеттетіледі.
Кинолог Атабек Әбеновтың осы салада еңбек еткеніне 3 жылдан асқан. Бұған дейін жеке кинология клубтарыда ит үйретумен айналысқан ол төрт аяқты досы «Бертаның» сертификаттаудан өтпей қалғанына қапалы. Айтуынша, семинарға жақсы дайындалған. Алайда алғашқы екі кезеңнен сүрінбей өткен иті үшінші күні ауырып қалған. Сөйтіп, Атабектің бұйрықтарын орындамай, жатып алыпты. Сөйтіп, әжептеуір жұмыс істеп, талай адамды табуға көмектескен «Берта» бұл семинарда «жарамсыз» деген баға алды. Келер жылы оны тағы бір сынақ күтіп тұр, егер одан да сүрінсе, Атабекке жаңа ит іздеп, соны үйретуіне тура келеді.
ИТТЕР ДЕ «ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНА» ШЫҒАДЫ
Кинологияда 26 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Сергей Зиновьевтен білгеніміз – құтқаруш, тінту ісінде иттер 8 жасқа дейін тынымсыз еңбек ете алады. Сосын «кәрі» иттің орнын күшік басады.
– Жұмыста иттің тұқымы, тектілігі, сұлулығы маңызды емес. Бастысы — қабілеті. Егер ит ойынпаз, ұғымтал болса, «мәшкі» ит болса да үйретуге тырысамыз. Өйткені, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тиімділігі иттің сұлулығына емес, адам мен иттің өзара түсінуіне байланысты. Сондықтан итті күшік кезінен алған дұрыс. Итке 2-6 айға дейін қарапайым командаларды үйретеміз. Сосын жаттығулар жасатып, іздестіру шарасына баулимыз,-дейді Сергей Зиновьев.
Сергейдің қарамағындағы Рой иті 6 жаста. Әлі 2 жылдай қызмет етуге жарайды. Сосын «еңбек демалысына» шығады. Соған дейін тағы бір күшік алып, баулиды. Не Ройдың күшіктерін алады.
ИТТІҢ ҮЙРЕТУШІСІ – СТАТИСТ
Атабек Талғатұлының сөзінше, әрбір құтқарушы-кинологқа төрт аяқты досын адам іздеуге үйретуде «статист» көмектеседі. Бұл үшеуі біртұтас тандемді құрайды.
– Итті үйретуді көмекшінің рөлі зор. Кинологтың қызметі – итке бағыт көрсету. «Оңға, солға» деп бағыттаймыз. «Отыр, жат» деп бұйырамыз. Ал нағыз үйретушісі — ститист. Статист — жасырынатын адам, дәлірегі «жоғалған тұлға». Оның қолында қандай да бір тәтті болады. Ит соны тапқанда қуаныш сезімін сезінеді. Себебі, тәттіге қол жеткізеді. Итте «адамды тапсам, тәттіге қол жеткізем» деген рефлекс қалыптасады. Осылайша иттерді адам іздеуге машықтандырамыз. Көмекші ретінде балаларымызды пайдаланымыз. Себебі, итіміз балаларымызды, ал олар итті жақсы көреді.
Біле білсеңіз, бізге итпен ойнауға, оларды тамақтандыруға және тәттілер беруге болмайды. Кейін жанымыздан шықпай қояды. Бұл жұмыстарды статист атқарады,-дейді Атабек Әбенов.
Айтуынша, итке өз дегеніңді істету оңай емес. Табандылық пен шыдам қажет.
– Иттің дамуы 2 жасар баламен пара-пар. Ұрып-соғуға, айқайлауға болмайды. Мұндайда итте агрессия пайда болады. Сөйтіп, тістеп алуы мүмкін. Итті де тура бала секілді алдап, тәттілер беріп үйретеміз. Әрине, оңай емес. Бірақ, күн сайын жаттығуға 2-3 сағат уақыт бөлсең, 1 айда итті өз дегеніңмен жүргізуге болады,-дейді ол.
Оның сөзінше, тәрбиелейтін иттері тек адам іздеуге үйретілген. Жан-жануар, жарылғыш зат, есірткі зат таба алмайды, өйткені бұған үйретілмеген.
ИТ ТЕ ШАТАСАДЫ
Бөлім жекекшісі Сергей Зиновьевтің сөзінше, жаңбырлы күні немесе қыстыгүні жүргізілген іздестіру жұмыстары екі есе нәтижелі болатыды екен. Бұл кезде иттердің иіс сезу қабілеті жақсы болады. Ал дауыл, желде иісті «жоғалтып» алып, ит шатасады. Мұның іздестіру шаралары тиімділігіне кері әсері тиеді. Әр секунд – адам өмірі.
Кинологтардың сөзінше, көп жағдайда жоғалған адамды судан табады.
– Әрине, адам жоғалғанда оны суға батты деп ешкім ойламайды. «Жоғалды» деп қарастырады. Тіпті, суға батқанын көрген куәгерлер болса да иісшіл иттердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Себебі, дене жағаға шығып қалуы мүмкін. Алайда, көбіне иттер суға келіп тіреледі. Мұндайда водолаздар жұмысқа кіріседі. Олар судың түбін тінтіп жүргенде біз, жағалауын іздестіреміз. Мәселен, «Поплавок» мейрамханасында болған оқиға. Былтыр, 11 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Шымкенттегі «Поплавок» мейрамханасының маңында 2,5 жасар бала жоғалып кеткен еді. Араға бір тәулік салып жоғалған орыннан бірнеше шақырым жердегі судан баланың денесі табылды. Іздестіру барысында иттер суды көрсетті. Сәйкесінше, бала мейрамхана ауласынан ағып өтетін Қарасу каналынан табылды,- дейді Сергей Зиновьев.
ИТТЕР 250 СӨЗ БЕН ЫМДЫ ҰҒАДЫ
Сергей Зиновьев табиғатқа, тауға серуен барысында да адасып, жоғалып кетіп жататын адамдарға қатысты оқиғаны әңгімеледі.
– Балалар арасында тау-тасқа өрмелеп, биік ғимараттардың шатырына шығып суретке түсу сәнге айналды. Нәтижесінде, біріншілері жол таппай адасса, екіншілері түсе алмай қалады. Мәселен, былтыр екі бала тауда адасты. Олардың қолында телефоны бар. «Таудамыз, жол таппай жатырмыз» деп хабар берді. Өздерінің қай жерде жүргендерін білмейді. Киімдерін, жүктерін құздан түсіріп алыпты. Аш-жалаңаш. Әбден шаршаған. Иісшіл иттерді жібердік. Бірден тауып алдық. Құтқарушылар оларды таудан түсіріп алды. Жыл басында Тассай тұрғыналабында ата-анасы баласынан көз жазып қалады. Балақайды «Рой» иісшіл итіміз тапты,-дейді Сергей.
Айтуынша, иісшіл иттердің көмегі үйінді астында қалған адамдарды табуға да тиеді. Мәселен, биыл Тараз қаласында көпқабатты үйде газ жарылысы болды. Үйінді астында қалған адамдар иісшіл иттердің көмегімен табылды. Арыстағы оқиғада да осы жедел құтқару жасағының иттері жұмылдырылды.
Ит – жеті қазынаның бірі. Үйретілген ит тек қазына емес, қиын сәтте жаныңыздан табылатын, көмектесетін досыңызға айналады.
Ендеше, иттің қабілетін бағалай білейік!
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №43, 23 қазан 2019 жыл