Жайылымда жүрген малды сойып, етін сатып отырған қылмыстық топ құрықталды

256

Арыс АПБ-не қазанның 24-і күні жергілікті тұрғын арызданып, жайылымда жүрген малдарының ізім-ғайым жоғалып кеткендігін хабарлайды. Дәл осындай жайтпен полиция бөліміне тағы да оншақты тұрғын келіп арызданады. Аталған жайттар Арыс аудандық полиция бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары тез арада жүргізіледі.

Мал ұрлығы қылмысын ашу мақсатында Арыс аудандық тәртіп сақшыларының ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топтар құрылып, жедел іздестіру іс-шаралары жоғары деңгейде жүргізіледі. Сондай-ақ аудандық учаскелік полицейлер жиі орын алатын мал ұрлығының алдын алу, оны болдырмау үшін тұрғындар арасынан қоғамдық көмекшілер тобын құрған болатын. Аталған топпен бірге қарқынды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қиылысы көп іс біртіндеп ашыла бастайды.

Полицейлер жайылымдық жерден күдік туғызған көлікті байқап қалып, сол жерге жеткенде иесіз екендігіне көз жеткізеді. Көліктен балта пен пышақтар айғақты зат ретінде табылады. Дәл сол күні көліктің иесін анықтап, соңына түседі. Полицейлер көп ұзамай малдың еттерін артып сататын екінші бір жеңіл көлікті тауып, тәркіледі.

Полиция қызметкерлерінің қырағылықтарының арқасында көліктің иесі, яғни бірінші күдікті Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен құрықталды. Ертесіне ұсталған күдіктінің екі сыбайласы қолға түсті. Ұсталған 3 күдікті де алдын ала сөз байласып, өздерінің арам пиғылдарын іске асырып отырған, жас жігіттерден құралған қылмыстық топ болып шықты. Олар Арыс пен Қазығұрттың ортасында орналасқан жайылымдық жердегі ірі қаралар мен ұсақ малдарды дәл сол жерде сойып, етін өздерінің көліктерімен Шымкент қаласындағы базарлардың біріне тасымалдап отырған. Осыдан соң жедел әрекеттерін жалғастырған сақшылар мал еттерін сатып алушыны да ұстады. Бүгінгі таңда осы азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Арыс ауданының тәртіп сақшылары үш күдіктінің бірінің сотты болған Шымкент қаласының, ал қалған екеуінің Қазығұрт пен Арыс аудандарының тұрғындары екендігін анықтады. Тәртіп сақшыларының неғұрлым қылмыстың ашылуына табандылық танытып, тер төккен сайын түрлі қырлары пайда бола бастайды. Яғни, осы мал ұрлығы бойынша қылмыстық топтың Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы мал ұрлығына байланысты 12 жайтқа, Сарыағаш ауданында орын алған 7 жайтқа және Арыс ауданынан 10-ға жуық жайтқа қатысы бар екендігі анықталды. Бұл іске қатысты тұрғындар тарапынан арыздар әлі де түсіп, қылмыстық жайттары біртіндеп ашылуда.

Тергеушілердің айтуы бойынша қылмыстық топтың жоғарыда аталған үш ауданнан басқа да аудандардағы орын алған осы секілді ұқсас қылмыстарға қатысы бар болуы мүмкін. Сондықтан тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.