Үшінші мегаполиске қосылған елді — мекендер әлі күнге дейін ауыл кейіпінен арыла алмай келеді. Солардың бірі бұған дейін Сайрамға қарасты болған «Жалын» шағынауданы. 5 жыл бұрын шымкенттік атанғанмен мұндағы тұрғындар екі күннің бірінде жарықсыз қалып, отын тасуға мәжбүр. Жаңбыр жауса аяғына целофан киіп шығатын ел жолға да жарымаған.

Қырда орналасқан «Жалын» шағынауданы бұрын Сайрам ауданына қарасты болған. Шымкентке қосылғанына 5 жыл болған елді — мекен жағдайының өзгергені де шамалы дейді тұрғындары. Көшелер де бәз баяғыша жаңбыр жауса батпаққа айналып, электр сымдары жел үп етсе үзілетін күйде.

Гүлсана Жоланова, қала тұрғыны: «2017 жылы әкімдікке барғанымызда уәде берген. Ол жылы 3 рет бардық. Сол кезде ең соңында айтқан «Қайта -қайта келе бермеңіздер. Берген уәдемізде тұрамыз 2019 жылы сіздерге жарық та, жол да барлығы жүргізілетін болады» деген. Әкіміміз жаңарып жатыр. Бірақ одан басқа жаңалық жоқ».

Әкімдік уәдесіне сенумен жалындықтар көптен күткен 2019 жылға да жеткен. Алайда, баяғы жартас сол жартас. Қайта күн өткен сайын электр сымының сапасы сын көтермей, жарық өшкен сайын тұрмыстық техникаларды күйдіретін болыпты. Салдарынан үй төріндегі теледидар қораптың күйіне түссе, тоңазытқыштан да келіп кетер пайда жоқ.

Сейдолла Ибишев, Еңбекші ауданына қарасты Жұлдыз аймағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы: «Жобалық — сметалық құжаттар толығымен істелінді. сараптамадан шыққаннан кейін ТҮКШ арқылы қаржыға ұсыныс беріледі. Қаржы бөлінгеннен кейін ендігі жылға электр жарығы толығымен жүргізіледі».

Жарық келеді деп жұртшылықты кезекті уәдесімен жұбатқанымен, жауаптылар көгілдір отынның келуіне әлі біраз барын айтты. Ал, оған дейін ел батпақты жолда көмір тасып күн кешуге мәжбүр.

Назерке Үкібасова