Арыс қалалық пробация қызметі бөлімі және ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 2019 жыл — «Жастар жылы» аясында және Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаға сотты болған жастар арасында балық аулаудан жарыс өткізілді.

Аталған жарыстың өткізілу мақсаты: балық аулау мәдениетін қалыптастыру, әуесқой балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, жастар арасында табиғатқа деген жанашырлығын, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, аңшылық пен балық аулауда броконерлікке деген мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және Арыс қаласының туристік әлеуетін арттыру болып табылады.

Ұйымдастырушылар тарапынан жарысқа қатысушыларға жарыстың өту тәртібі мен ережесі, жарыстың өту уақыты толықтай түсіндіріліп, сайыс ережесін сақтамаған қатысушылар жарыстан шығарылатыны ескертілді.

«Балық жегің келсе, балағыңды түр» демекші, аталған жарыс Арыс қаласындағы «Көксарай су қоймасында» тартысты әрі қызықты өтті.

Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан ұсталған балықтардың салмақтары өлшеніп, ең көп балық аулаған жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.