Кентау ҚПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында жайылымдық жерде жайылып жүрген 4-бас жылқысын белгісіз біреулер ұрлап кеткендігін көрсетеді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1,5 миллион астам теңгені құрайды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Мал ұрлығы негізінде ауылдық жерлерде көптеп кездеседі. Әсіресе тұрғындардың салғырттығы салдарынан жайылымнан жоғалған малдардың қатары көп. Арызданушының да жағдайы осындай. Сондықтан қалалық полицейлер жылқыларды жымқырғандарды табу мақсатында тез арада іске кірісті. Білікті де тәжірибелі полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Жылқылардың жоғалған жерлерін, оған жақын аймақтарды аралап шықты, көрген-білгендерден сұрастырды.

Өзі кішкене ғана ауыл болғандықтан, кіріп-шыққан көліктер жайлы да тың ақпараттар пайда болды. Соның нәтижесінде, мал сатып алумен айналысатын азаматтардың көліктері кіріп-шыққаны белгілі болды. Содан, кешке дейінгі уақытта кәсіби шеберлікпен қызмет атқарған полицейлер, көлікті мемлекеттік нөмірі арқылы Бәйдібек ауданынан тапты. Мал сатып алушылардан жылқылар алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Тергеу барысында ауылда мал бағумен айналысатын 2 жеке кәсіпкер, өздерінің жайылымдарына кіріп кетіп, жүгенсіз жүрген жылқылардан құтылмақ болып, мал сатып алушылармен келісіп, 4 жылқыны әр қайсысын небары 150 000 теңгеден сатып жібергені анықталды. Күдіктілер ұсталды. Алайда, жәбірленушінің кешірім беру салдарынан қылмыстық іс қысқартылды.

Осы тұста полицейлер азаматтарға ұрлық секілді арам ойын іске асырған жандардың одан кейінде мұндай істі қайталамауы үшін, жазасын алып, жауапкершілікке тартылғаны дұрыс екенін айтады. Және полицейлердің ұрыны ұстау мақсатындағы ұшан-теңіз жұмыстарын бір кешіріммен жоққа шығарғандай әрекет жасамауға кеңес береді. Кез-келген қылмысты ашу үшін қаншама тер төгілетінін ескерсек, күдіктілердің құрықталуына ықпал етейік. Одан бөлек, малдарыңызға уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, қора-жайларын мықты материалдардан жастып қойыңыздар. Бұлда мал ұрыларының жолын кесетініне сенім білдіреміз. Ал, егер малыңыз ұрланып немесе жоғалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.