Ветеринарлар жылқыларға арнайы чип орнатуда

16

Келес ауданына қарасты Бозай ауылдық округіндегі мал дәрігерлік пункітінде 13 мал дәрігері қызмет атқарады. Өткен жылы бірдейлендіру жұмысы бойынша 20 000 бас уақ мал, 1000 бас ірі қара мал сырғаланды. Сондай-ақ 700 бас жылқы, 38 бас ит және 6 бас мысыққа арнайы чип құрылғылары орнатылып, дерекқор базасына енгізілген. Жалпы үй жануарларына қажетті вакциналар толық салынды. Бұл туралы Бозай ауылдық округінің әкімі Марат Қошуақов мәлімдеді.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық округтерінің әкімдерін қабылдап, берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша есептерін тыңдауда. Бүгін Бозай ауылдық округінің әкімі Марат Қошуақов ауылдық округі әкімі аппаратында қызмет атқаратын мамандарымен бірге тапсырмалардың орындалуы барысы туралы есеп берді. Келес ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімшесінің бас инспекторы Асылхан Шалқаров өз баяндамасында Бозай ауылдық округіне істелген зерделеу жұмыстарының нәтижесін атап өтті. Көңіл көншітпейтін тұстарын ашып айтып, әрбір сала бойынша көрсеткіштерді жеке-жеке сараптады. Өз кезегінде аудан басшысы Жәнібек Есенұлы кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізуге тапсырма берілді.
– Ауылдағы түрлі мәселелерді шешуде, жаңа бастаманы жүзеге асыруда ауыл әкімшілігіндегі мамандардың рөлі орасан. Бір ғана әкім жұмыстың бәрін атқаруға мүмкіндігі жоқ. Бұл кезекте ауыл әкімі аппаратының мамандары үлкен сахнаға шығып, әкімге қолғабыс болуы шарт. Ал, Сіздердің жұмыстарыңызға жасалған зерделеу жұмыстарының нәтижесі өте төмен деңгейде екендеріңізді аңғартып тұр. Ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар, халықпен пікірлесу, жерлерді құжаттандыру жұмысы мен санитарлық-тазалық жұмыстары өз деңгейінде атқарылмаған. Кәсіпкерлік саласын дамытамын деген азаматтармен тілдесіп, оларға қажетті көмектерді ұйымдастыра отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды үйлестіру керек, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Өткен жылы Бозай ауылдық округіне 45 млн 584 мың тенге қаралып, толық игерілген. Ал, ауылшаруашылығы саласында 1 300 га тәлімі егістік жер алқабына бидай дақылдары егіліп, өнімдері жинақталды. Сонымен қатар 40 гектар шартты суармалы егістік алқабына бақша өнімі (қарбыз) егілді. Егістік алқабынан жергілікті диқандар жаңа технологияларды қолдану арқылы өнім көлемін арттырып, Түркістан облысында алғашқылардың бірі болып еліміздің өзге өңірлеріне және көршілес елдерге экспорттау арқылы табыс көлемі 545,6 млн теңгеге жетті.